Елордада автобус трактормен соқтығысып, бірнеше адам зардап шекті
Нұр-Сұлтан қаласында жолаушылар автобусы трактормен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам зардап шекті, деп хабарлайды City Transportation Systems компаниясының баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан, NEGE. «Бүгін шамамен сағат 13:35-те елорданың Тәшенов көшесі мен Республика даңғылында №2 бағдарлы автобустың жүргізушісі қозғалыс қашықтығын бұзып, арнайы техниканың (трактор) артқы жағына соғылды», - делінген хабарламада.
Жол-көлік апаты салдарынан автобустың үш жолаушысы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Компаниядан оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері қажетті материалдар жинағанын, олардың арнайы тергеу бөліміне жолданатынын атап өтті.
«Автобус жүргізушісі бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзған жоқ. Жолаушылар көлігін жүргізу өтілі 12 жылды құрап отыр», - деп атап өтті компаниядан.