«Елордада 2023 жылдың соңына дейін 16 мыңға жуық үлескер баспаналы болады»
Бір жарым жыл ішінде елордада проблемалы құрылыс нысандары екі еседен аса қысқарды. Үлескерлер мәселесін шешу мәселесі туралы «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
Бір жарым жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен аса азайды. 2019-2020 жылдары үлескерлердің 30-ға жуық тұрғын-үй кешені пайдалануға берілді. Қалған 22 құрылысты 2021-2023 жылдары аяқтау жоспарланып отыр.
«2019 жылы ведомства аралық коммисияның шешімімен елордада үлескерлердің 52 тұрғын үй нысаны «проблемалық» деп саналған. Ол дегеніміз – 15 757 үлескер.
2019 жылы соның 10 тұрғын үй нысанын толық аяқтадық. 13 үйде тұратын 2 534 отбасы баспаналы болды. 2020 жылы 14 тұрғын үй нысанын құрайтын 20 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 2 723 отбасы үйлі болды. Енді міне, 2021 жылы 18 тұрғын үй нысанын, немесе 57 үйде тұратын 7300 отбасын «баспаналы» етеміз деп межелеп отырмыз», – дейді әкім.
Әкімнің айтуынша 2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үйді аяқтап, елордадағы үлескерлер мәселесі түбегейлі шешіледі деген жоспар бар.
«Өздеріңізге белгілі ғой, кейбір үйлердің құрылысы тіпті 15-16 жылға дейін созылып кеткен. Қазір үлестік құрылыстардың кейбірін аяқтап, тұрғын үйлерді жөндеп, апатты жағдайдағы үйлерді сүріп жатырмыз.
Өткен жылдың өзінде 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда 400-ден астам отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл 200-ден астам отбасыны көшіреміз, оларға жайлы, ал ең бастысы өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Міне, баспанаға қатысты осындай жұмыстар жүргізіліп келеді», – деп түсіндірді әкім.