Елордада қоғамдық көліктегі жолақысы 150 теңге дейін өседі
Астанада қоғамдық көлікпен жүру және багаж тасымалдау тарифтері өсті.
Астана, NEGE. Әкімдік ақпаратынша, қазан айының соңына қарай қалалық автобустарда жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеген кезде жол жүру құны 150 теңге болады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарға да осы тариф қолданылады.
Қалалық жедел автобустарда жолақыны қолма-қол ақшасыз немесе жол жүру құжаты арқылы төлегенде, жолақы 300 теңге болмақ.
Қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда қалалық автобустарда жүру құны 300 теңге, ал жедел маршруттарда 400 теңге болады.
Қала маңындағы маршруттарда жолақы қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда әр шақырым үшін 13 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлегенде әр шақырымға 19 теңге болып белгіленген.
Электронды жол жүру құжаты немесе электронды төлемнің қосымша қызметтері арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау – 150 теңге.
Бұл ретте жеңілдігі бар жолаушылар бұрынғысынша тегін қатынайды.
Өзгерістер қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни қазан айының соңында күшіне енеді.
Еске салайық, қазан айының басында Астанада қоғамдық көлікте жол жүру құнын 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылғанын жазған едік.
Әкімдіктегілер тарифтердің көтерілуін пайдалану шығындарының өсуімен түсіндіріп отыр. Сондай-ақ қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, автобус паркін одан әрі жаңарту және маршруттық желіні дамытуға байланысты бағаны көтеру қажеттілігі туындаған.
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифі 2014 жылы 90 теңге мөлшерінде белгіленген. Содан бергі 12 жыл ішінде жол жүру ақысы небәрі бір рет қайта қаралып, 110 теңгеге дейін көтерілген.