4 августа 2025 г. 18:40

Елордада қазақ күресінен әскерилер арасында алғашқы әлем чемпионаты өтеді

Фото: gov.kz

Астанада әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионаты өтеді. Төл спортымыздан байрақты бәсекені Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қолдауымен ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі және QAZAQ KURESI ассоциациясы ұйымдастырады.

Алматы, NEGE. Кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне ерекше назар аударылып келеді. Жуырда ғана Мемлекет басшысы қол қойған спорт туралы жаңа заңға сәйкес, елімізде ресми тіркелген 11 ұлттық спорт түрі басым спорт түрлері қатарына енгізілді. Осылайша, биылдан бастап төл спортымыз заң аясында ерекше мәртебеге ие болып, жаңа деңгейде дамуға мүмкіндік алды. Ұлттық спортымыздың ішінде қазақ күресінің орны ерекше екені белгілі. Сондықтан да ел астанасында қазақ күресінен әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің өтуі заңдылық. Сонымен қатар төл спортымыз CISM күнтізбесіне ресми түрде енген алғашқы халықаралық дода болып отыр.

CISM – әлемнің 130-дан астам елінің әскери спортшыларын біріктіретін ірі халықаралық ұйымдардың бірі. Жаһандық дода Кеңес одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Біріншілікке Қазақстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Иран, Италия, Марокко, Моңғолия, Пәкістан, Тунис, Камерун, Венесуэла, Гана, Қытай, Бразилия, Молдова, Нигерия, Шри-Ланка және өзге де елдерден спортшылар қатысады.

Палуандар 16 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. Сондай-ақ біріншілік аясында шетелдік қатысушылар мен төрешілерге қазақ күресінің ережелері мен әдіс-тәсілдеріне қатысты оқу-әдістемелік семинарлар, шеберлік сабақтары өтеді.

Бұдан бөлек UWW ұйымының халықаралық нұсқаушысы Эдмар Абдуллаев арнайы оқыту курс жүргізеді. Айта кетейік, әлем чемпионаты 14-15 тамыз күндері Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өтеді.