Елімізде жер үйді төтенше жағдайдан сақтандыру міндеттеледі
Бірқатар өңірде жер үйлерді төтенше жағдайдан сақтандыру міндеті енгізілмек. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.
Алматы, NEGE. «Қазір Азиялық даму банкі және дүниежүзілік банкпен бұл жобаны әзірлеп жатырмыз, яғни төтенше жағдайда жер үйлерді сақтандыруды енгізу. Кім қанша төлейді, қазір белгісіз, өйткені, есеп жүргізіледі, мүмкін 5 мың теңге, мүмкін нашар үй болса, жылына 1 мың теңге төлейді. Бірақ, судың астында қалса, жер сілкінісі болса, өтемақыны сақтандыру арқылы ала алады», – деп жауап берді Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір жер үйлерді сақтандыру мәселесі сарапшылармен талқыланып жатыр.
«Ешқандай шу-дау күтілмейді, өйткені, үлкен, қымбат жер үйдің иесі жылына 50 мың теңге көп емес, ал ауылдағы қарапайым жер үйге жылына 1-2 мың теңге болады, одан жоғары болмайды деп ойлаймын, көп болса 5 мың теңгеге шығады. Бұл міндетті болады, бірақ тек төтенше жағдайлар қаупі бар өңірлерде ғана», – деп толықтырды вице-премьер.