Елімізде әскери оқу орындарына түсу қағидалары өзгерді
Қорғаныс министрлігінің жаңа қағидасы биыл 18 сәуірден бастап күшіне енеді.
Алматы, NEGE. Талапкерлер өтінішті әскери колледждердегі қабылдау комиссияларына тапсырады немесе электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы жеке ЭЦҚ-мен немесе ұялы байланыс операторы ұсынған абоненттік нөмірді порталдағы жеке кабинетке тіркеген және қосқан жағдайда бір реттік құпиясөзбен растап, құжаттар пакетін тіркейді.
Құжаттар тізімі:
— Еркін нысандағы өтініш немесе рапорт (тегі, аты-жөні, туған күні, тұрғылықты мекенжайы, заңды өкілдерінің байланыс деректері көрсетіледі);
— Жеке куәлік (түпнұсқа тексеру үшін) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды нұсқасы; 16 жасқа толмағандар үшін туу туралы куәліктің көшірмесі (түпнұсқа тексеру үшін);
— Әскери билет көшірмесі (тек әскери қызметшілер мен қордағы әскери қызметшілер үшін, түпнұсқа);
— Жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік білім туралы аттестат/диплом (түпнұсқа және көшірме); әскери колледжге негізгі орта білім негізінде түсетіндер үшін негізгі орта білім туралы куәлік;
— ҰБТ сертификаты (әскери колледжге түсетіндер мен мерзімді әскери қызметін өткеріп, конкурстан өткендерден басқа); кемінде 50 балл, оның ішінде бейіндік пән бойынша — кемінде 7 балл, басқа пәндерден — кемінде 3 балл;
— 075/у нысанындағы медициналық анықтама және келесі зерттеулер (оқу орнына келгенге дейінгі соңғы 30 күн ішінде алынған):
— жалпы қан талдауы;
— сифилиске микрореакция;
— жалпы зәр талдауы;
— мұрын қуысының рентгенографиясы;
— 12 арналы ЭКГ (тыныштықта; қажет болса жүктемемен);
— кеуде қуысын флюорография (үш айдан кешіктірілмей);
— бруцеллезге қан талдауы (мал ұстайтындарға);
— амбулаториялық науқас картасы;
— екпе картасы.
Ұшу мамандығына түсетін талапкерлер қосымша:
— Жүктемеден кейінгі ЭКГ;
— Қалқанша безі, жүрек, несеп-жыныс жүйесі УДЗ;
— Қандағы қант, В және С гепатит маркерлері;
— Тоналды аудиометрия;
— Электроэнцефалография.
Қосымша құжаттар (бар болса):
Спорттық разряд, республикалық немесе халықаралық жарыстардағы жүлделі орын, білім олимпиадаларындағы жүлделер туралы құжаттар (мерзімді қызметін өткеріп, конкурстан өткендерден басқа);
3×4 өлшемді 4 фотосурет;
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (ата-анасының қайтыс болуы, құқығынан айырылуы, хабар-ошарсыз кетуі және т. б.) тиісті құжаттар көшірмесі (түпнұсқамен салыстыру үшін);
Әскери қызметте қаза тапқан немесе мүгедек болған, із-түзсіз жоғалған әскери қызметшілердің балалары — жергілікті әскери басқару органының анықтамасы;
Арнайы тексеруден өткені туралы анықтама (негізгі орта білім негізінде түсетіндерден басқа);
Мерзімді әскери қызмет өткергендер — әскери бөлімдегі конкурстан өткені туралы сертификат.
Қосымша шарттар:
Жалпы орта білім негізінде түсетіндер 10 маусымға дейін жергілікті әскери басқару органына немесе портал арқылы өтініш береді;
Оқуға қабылданғандар әскери колледж аумағында тұрады және бейбіт уақыт нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі;
Жалпы орта білім негізінде оқуға қабылданғандар әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады;
Негізгі орта білім негізінде оқитындар 3-курсқа көшкенде келісімшарт жасасады;
Оқуға қабылданғандар 29 тамызға дейін колледжге келуге тиіс;
Құжаттар толық ұсынылса — «жеке кабинетке» қабылданғаны туралы хабарлама жіберіледі;
Мерзімді әскери қызмет өткергендер оқу жылында 24 жасқа толмаған болса, 10 маусымға дейін өтініш береді;
Қайта оқу үшін — еркін нысандағы өтініш пен транскрипт ұсынылады;
Құжаттар толық болмаса немесе мерзімі өтіп кетсе, өтініш қабылданбайды. Портал арқылы өтінген жағдайда — «жеке кабинетке» бас тарту мәртебесі жіберіледі. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі қағаз немесе электронды түрде ұсынылады.