28 декабря 2022 г. 18:29

Елімізде табысты отбасылар қатары көбеймек

Фото:

«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының алғашқы түлектеріне салтанатты түрде сертификаттар табысталды. Жоба аясында республиканың бес облысында бірінші лектің 114 қатысушысы оқуын аяқтады. Олар бір ай бойы қарқынды әрі  кешенді оқытудан өтті.

«Табысты отбасы» қатысушыларын жобаны қолдаған «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров пен «Табысты отбасы» жобасының амбассадоры Айжани Нұрланова құттықтады.

Ақтөбе облысының Қобда ауылына сапар «Тігінші» және «Автоэлектрик» бағыттары бойынша оқу жүргізілген тігін мекемесі мен колледжден басталып, жоба қатысушылары Қор өкілдерімен кездесті.

«Мен бұл жобаға автоэлектрик туралы білім алу және өз ісімді ашу мақсатымен келдім. Оқу жоғары деңгейде өтті деп айтқым келеді. Тәлімгерлер мен жаттықтырушыларға бір ай бойы алған біліміміз үшін рахмет. Өзімнің автокөлік шеберханамды ашып, табысымды арттырып қана қоймай, ауылдың дамуына үлес қосамын деп үміттенемін», – деді Әлия ауылының тұрғыны Орынғали Қабдырахман.

«Ателье ашуды армандайтынмын. Сондықтан осы жобаға келіп, «Тігінші» оқу бағытын таңдадым. Бұл жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Өйткені біз алған білім мен дағдылар маған өз ісімді ашуға көмектеседі. Енді білімімді жастармен бөлісіп, шағын тігін цехын ашқым келеді», – дейді Қобда ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Баршагүл Бердібаева өз жоспарлары туралы.

«Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы 1 желтоқсанда Абай, Жетісу, Ұлытау өңірлерінде, сондай-ақ Түркістан және Ақтөбе облыстарында басталды.

Жоба халықтың осал топтарын, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелерін, жалғыз және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған. Бағдарлама аясында қатысушылар тігін ісін, автоэлектрик, кондитерлік өнімдер, beauty саласы және әлеуметтік медиа менеджері сияқты бес бейіндік бағыттын бірін таңдайды.

Жобаның басты ерекшелегі – бейіндік оқыту, тәлімгерлік сүйемелдеу, жеке өсу және бизнес-дағдылар бойынша тренингтер. Одан бөлек, сабаққа белсенді қатысып, жаттықтырушы мен тәлімгердің айтқанына мұқият болған қатысушыларға өз ісін ашу үшін қажетті құрал-жабдық қайтарымсыз түрде беріледі.

Тегтер: