Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA рейтингінде алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ұлттық олимпиадалық комитет хабарлады.
14 қыркүйекте аяқталған US Open-2026 турнирінің қорытындысы бойынша әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасы жарияланды. Қазақстандық теннисші 9 901 ұпаймен бірінші орынға көтеріліп, бұған дейін көш бастап келген Беларусь өкілі Арина Соболенконы басып озды.
«Бұл – Елена Рыбакинаның кәсіби мансабындағы әлемдік рейтингте алғаш рет көш бастауы. Нью-Йорктегі бұл жеңіс Рыбакина үшін US Open турниріндегі алғашқы чемпиондық атақ әрі "Үлкен дулыға" жарыстарындағы үшінші жеңісі болды», – делінген ҰОК хабарламасында.
Сонымен қатар Рыбакина Қазақстан тарихында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші орнына көтерілген тұңғыш спортшы атанды.
Елена Рыбакина US Open турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін-ақ рейтингтегі бірінші орынға көтерілетіні белгілі болды. Кейін ол финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.