Елена Рыбакина Абу-Даби турнирінің финалына шыға алмады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Абу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады. 

sports24.kz

Алматы, NEGE. Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 157-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасты.

Токио Олимпиадасында швейцариялық спортшы жартылай финалда Е.Рыбакинаны жеңіп, кейін жеңімпаз атанған еді. Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, сол басымдылықты сақтай білді – 6:3. Керісінше екінші сетте Бенчич 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры есесін жібермеді – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 5:2 болғанда, доп берген швейцариялық теннисші екі матчболын пайдалана алмады. Дегенмен матчқа екінші рет доп бергенде, қателеспеді – 6:4.

Екі сағат 6 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Бенчич 2 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Рыбакина өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады, рейтингілік ұпайын да жоғалтты.

Белинда Бенчич финалда әлемнің 51-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Эшлин Крюгермен бас жүлдені сарапқа салады. Крюгер жартылай финалда өзінің құрдасы, әлемнің 39-ракеткасы, чехиялық Линда Носкованы жолдан тайдырды – 7:6 (7:2), 6:4.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 202-сатыдағы Тимофей Скатов Ченнай (Үндістан) челленджер додасының ширек финалында әлемнің 129-ракеткасы, ұлыбританиялық Билли Харриске есе жіберді – 3:6, 6:7 (6:8).

Қазір оқып жатыр

«Ақтөбе – тарының астанасы» гастрофестивалі қонақтарды ұлттық дәстүрлердің бай мұрасымен таныстырды

Іссапар чектері тапсырылмаса, жалақыны толық ұстап қалуға бола ма?

Алматы облысында «Достық үйінің» іргетасы қаланды

Энергетика министрлігі Теңіз кен орында ақау шыққанын растады