Электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салатын ереже күшіне енді

Бүгін, 25 тамыздан бастап Қазақстанда электрсамокат жүргізушілеріне арналған жаңа ереже күшіне енді. Енді электрсамокатпен тротуарда және жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады.

magnific.com

Астана, NEGE. Жаңа ережеге сәйкес, электросамокатпен велосипед жолында немесе велосипед жолағымен жүруге рұқсат етіледі. Ондай жолақ болмаған жағдайда, жол жүрісі қағидаларына сәйкес, самокат жүргізушісі жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге тиіс.

Сондай-ақ жолдың жүріс бөлігінде электрсамокатпен жүруге тек 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын киген адамдарға рұқсат етіледі. Мопед жүргізушілері тек жолдың жүріс бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед иелері көліктен түсіп, оны жанында жетектеп өтуге тиіс.

Бұған қоса, жолаушыларды тасымалдауға, рөлді босатып телефон пайдалануға, сондай-ақ қараңғы уақытта  жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.

Бас прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 33 адам қаза тапқан, тағы 461 адам жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен – 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен – 97, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған. Осы оқиғалардың барлығында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.

Сонымен бірге электрсамокат пен мопед жүргізушілерінің өздері де жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен. Электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кетудің – 145, мопед жүргізушілерін қағып кетудің – 82, шағын электр көлік құралдарын басқарушыларды қағып кетудің 52 дерегі тіркелген. Бұл оқиғалар салдарынан 4 адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.