Электрондық еңбек биржасындағы түйіндемелер азайды
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) деректері бойынша 2022 жылғы ақпанда Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 72,3 мың бос жұмыс орны және 54,6 мың түйіндеме орналастырылған.
Алматы, NEGE. Мәселен, ақпан айында бос орындар саны 5,9%-ға өсті, ал жарияланған түйіндемелер саны 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда 22,2%-ға төмендеді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Егер ағымдағы жылдың қаңтарында ізденушілер орналастырған түйіндемелердің саны бос орындар санынан 1,9 мыңға асып кетсе, ақпан айында бос орындар мен жұмыс іздеп жүрген адамдар арасындағы алшақтық бос орындар пайдасына 17,7 мыңды құрады. Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дағы бос орындар саны 4 мыңға өсті, ал түйіндеме 15,6 мыңға азайды. Ақпан айында өңірлік талдау тек бес өңірде ЭЕБ-те бос орындар санының төмендегенін көрсетеді – Шымкент қаласында (-37% немесе 1,3 мың бос жұмыс орынға), Жамбыл облысында (-14% немесе 400 бос жұмыс орынға), Нұр-Сұлтан қ. (-13,7% немесе 1,3 мың бос жұмыс орны), Қызылорда (-12,3% немесе 200 бос жұмыс орынға) және Ақтөбе (-6,5% немесе 180 бос жұмыс орынға) облыстарында. Сұраныстың ең жоғары өсімі Маңғыстау (+56,4% немесе 1 мың бос жұмыс орны), Павлодар (+36% немесе 1,3 мың бос жұмыс орны) облыстарында, Алматы қаласында (+32,4% немесе 1,8 мың бос жұмыс орны) және Ақмола облысында (+23,4% немесе 500 бос жұмыс орны) байқалды.