Электромобильді қуаттағанда артық ақша төлемеу үшін желтоқсаннан бастап жаңа талап енгізілмек

Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен 1 желтоқсаннан бастап электромобильді қуаттау кезінде қолданылатын өлшем құралдары тексеріле бастайды. Өйткені осы уақыттан бастап электромобильді қуаттау кезінде жүргізілетін өлшеулер мемлекеттік реттеу аясына кіреді. 

magnific.com

Астана, NEGE. Министрліктің түсіндіруінше, бүгінде электромобильді қуаттау құны берілген электр энергиясының көлеміне байланысты есептеледі. Сондықтан тұтынушыға көрсетілетін қызметтің құнын анықтау кезінде пайдаланылатын жабдық электр энергиясының көлемін дәл өлшеуі керек. Жаңа талаптарға сәйкес, электромобильге берілген электр энергиясының көлемін есептейтін өлшем құралдары белгіленген метрологиялық талаптарға сай болуы қажет.

«Құрылғыларды тексеру олардың жарамдылығын, белгіленген дәлдік шегінде жұмыс істейтінін және электромобильге берілген электр энергиясының нақты көлемін дұрыс көрсететінін анықтайды. Бұл тұтынушының көлігін қуаттау кезінде нақты берілген электр энергиясының көлеміне ғана ақы төлеуіне кепілдік береді», – делінген хабарламада.

Бұл ретте қуаттау станцияларының иелері мен операторлары қолданыстағы өлшем құралдарының уақтылы тексеруден өтуін қамтамасыз етуі тиіс.

Бұл өзгеріс артық шығынның алдын алып, жабдық көрсеткіштерінің дұрыстығына сенімді болуға мүмкіндік береді.