Елдос Қоспаев пен оның отбасына тиесілі бірнеше қымбат автокөлік аукционға шығарылды
Елдос Қоспаев пен оның отбасының атына тіркелген бірнеше қымбат көлік аукционға қойылды. Барлық автокөліктер кейін мемлекеттік органдардың балансына берілмек.
Алматы, NEGE. Аукционға шығарылғандардың қатарында 2021 жылғы жасыл түсті Land Rover Range Rover бар, ол тікелей Елдос Айдынғалиұлы Қоспаевтың атына тіркелген. Көліктің нарықтық құны 61 миллион теңге деп бағаланған.
Сондай-ақ Айжан Нұрланқызы Қоспаеваның атына рәсімделген екі көлік ұсынылды: 2020 жылғы ақ түсті Toyota Land Cruiser 200, құны 36,6 миллион теңге және 2019 жылғы көк түсті Land Rover Range Rover Sport, бағасы 40 миллион теңге.
Ең қымбат лот 2020 жылғы ақ түсті Mercedes-Benz AMG G 63. Ол Аружан Елдосқызы Айдынғалиеваның атына тіркелген. Тегі мен әкесінің атына қарағанда, ол Қоспаевтың қызы. Бұл көлік 84,5 миллион теңгеге бағаланған.
Сауда нысаны «Мүлікті мемлекеттік органдардың балансына беру және бекіту» деп аталады. Бұл көліктердің жекеменшік тұлғаларға сатылмайтынын, керісінше мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға, оның ішінде әлеуметтік сала ұйымдарына берілуі мүмкін екенін білдіреді.