28 января 2022 г. 11:44

«Елбасы» статусына өзгеріс енгізіле ме?

Фото:
С

енат депутаттары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін қысқартуды мақұлдады. Нақтырақ айтсақ, «Тұңғыш президент туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты президент елбасымен келісуі тиіс деген норма алынып тасталды. Бұған дейін Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі және Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айырылған болатын.

Nege.kz тілшісі «Экс-президент және оның отбасын қылмыстық қудалаудан қорғайтын «Елбасы» статусы өзгере ме?» деген сұрақты  сенаторларға қойып көрген. Алайда Мұрат Бақтиярұлы, Ақылбек Күрішбаев, Әли Бектаев сынды «мүйізі қарағайдай» сенаторлар ауырып жатқанын айтып, сұраққа жауап беруден бас тартты. Бір сөзбен айтқанда, сенаторлар соңғы өзгерістерге байланысты жауап беруге құлық танытпады. Сенаттағы ер азаматтар қашқақтағанымен, келіншектер батылдық танытты.

Дана Нұржігіт: Жоғары жақтан ешқандай тапсырма берілген жоқ

– Бүгін Сенат мемлекеттік шешімдерді Назарбаевтың келісімінсіз шешудің күшін жоюды ұсынды. Бұл қаншалықты орынды болды?

– Бұған дейін Конституциялық заңға байланысты экс-президенттің Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құзыреттілігі жойылды. Сондай-ақ бүгін ішкі және сыртқы саясаттағы жаңа бастамаларды Елбасы – Тұңғыш Президентпен келісудің қажеттілігі жоқ деген ұсыныс Мәжіліске қайтарылды. Осылайша заң тетіктерінің бәрі Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына өтті.

– Ата заңда экс-президент пен оның отбасын қылмыстық қудалаудан қорғайтын «елбасы» статусы жазылған. Осы заңға алдағы уақытта өзгеріс енгізіле ме?

– Бұл мәселе әзірге талқыланып жатқан жоқ. Ал мемлекеттік бастамаларды Назарбаевпен ақылдаспай шешу туралы ұсыныс Мәжіліске жолданды.

– Бұған дейін экс-президент Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамлеясын өмір бойы басқарудан шеттетілді. Осы тапсырмалар жоғары жақтан келіп жатыр ма, жоқ әлде өздеріңіз бастамашы болып отырсызар ма? 

– Жоғары жақтан ешқандай тапсырма берілген жоқ. Бүгін заң жобасы алдымызға келді. Біз оны мұқият қарап Мәжіліске қайтардық.

– Бұған дейін Назарбаевты мақтап келген депутаттар көп болды. Қазір экс-президенттің қолайына жақпайтын өзгеріс енгізіліп жатқан кезде әріптестеріңіздің арасынан ешкім «Бұ қалай?» демеді ме?

– Сіздер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының «Мен бүгінде құрметті зейнеткермін» деген мәлімдемесін тыңдадыңыздар ғой. Осы мәлімдемеден кейін басқаша шешімдер қабылданып жатыр. Өзінің өтінішіне байланысты осы нормалар Конститутциялық заңнан алынып тасталып, Мәжілістің қарауына жіберілді.

Біз ешқандай тапсырма күтпейміз. Мұның бәрі талқыланып, шығарылып отырған шешімдер.

– Экс-президент жемқорлық немесе қандайда бір заңсыздық жасаса да жауапкершілікке тартылмайды деген әділетсіздік емес пе?

– Ол сіздің ойыңыз. Біз мұндай заңды әлі қарастырып жатқан жоқпыз.

Айгүл Қапбарова: Экс-президент тарихта қалады

– Бұдан былай президент Қ.Тоқаев экс-президентпен ақылдаспай-ақ шешім қабылдайтын болды. Бұл қаншалықты орынды деп есептейсіз?

– Мен бұл заң жобасын қолдаймын. Өйткені шешім шығару презиенттің қолында болуы керек. Еліміз президенттік басқару жүйесінде болғандықтан мемлекет басшысы тәуелсіз шешім қабылдауы керек. 

Экс-президентті қылмыстық жауапкершіліктен құтқаратын статусына өзгеріс енгізіле ме?

– Бұған байланысты қандай да бір пікір білдіре алмаймын. Өйткені қоғамда әртүрлі пікірталас болып жатыр. Оның үстіне мұндай заң жобасы бізге келіп түскен жоқ.

– Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқарудан экс-президентті шеттетіңіздер ғой.

– Тұңғыш президент өзінің өкілеттілігін сатылап беріп жатыр. Осындай жағдайда Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын президентке бергені дұрыс шешім болды деп санаймын. Өз үндеуінде экс-президент «Мен қазір зейнеткермін. Бар өкілеттілігімді президент Тоқаевқа бердім» деп айтты емес пе?

Бұл заңдарды неге «Қаңтар қасіретіне» дейін емес, одан кейін қабылдап отырсыздар?

– Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы, былайша айтқанда, кеңесетін орган ғой. Шын мәнінде презиенттің толыққанды Конститутциялық құқығы бар. Аталған органдар біздің саяси құрылымға анау айтқандай өзгеріс әкелмейді.  

Өзгерістерге әріптестеріңіз арасынан ешкім қарсылық танытпады ма?

– Аталған заңдар қабылданған кезде мен депутат емес едім. Бұл сұрақты сол кезде қабылдаған депутаттарға қойсаңыз орынды болар еді.

Экс-президент тарихта қалады. Қалай десек те, ол кісінің Қазақстанды қалыптастыруда сіңірген еңбегі бар...

Тегтер: