Эль-Ниньо әсерінен әлемде тағы 50 млн-ға жуық адам аштыққа ұшырауы мүмкін – БҰҰ

Күшейіп келе жатқан Эль-Ниньо климаттық құбылысының салдарынан алдағы айларда әлемде тағы 50 миллионға жуық адам азық-түлік тапшылығын сезінуі мүмкін.

shutterstock.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы ескертті. Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, аштықтың өткір кезеңі адамдардың күнделікті ең негізгі азық-түлік қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайтын жағдайын білдіреді.

«Эль-Ниньо құбылысы қазірдің өзінде осал жағдайда өмір сүріп жатқан миллиондаған адамның азық-түлік қауіпсіздігіне орасан зор қауіп төндіріп отыр. Оларға осы климаттық күйзелістерге алдын ала дайындалуға неғұрлым ертерек көмектессек, соғұрлым көп адамның өмірін сақтап қалып, олардың күнкөріс көздерін қорғауға мүмкіндік болады», – деп мәлімдеді Ұйым басшысының міндетін атқарушы Карл Скау.

Болжам бойынша, Эль-Ниньо қыркүйек айында күшейеді. Соның салдарынан өткір азық-түлік тапшылығына тап болатын адамдар саны 225 миллионнан 274 миллионға дейін, яғни шамамен 22 пайызға артады. Ең ауыр салдар Орталық Америка мен Африканың оңтүстігінде күтіледі. Сондай-ақ Шығыс Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де елеулі қауіп төнеді деп болжанып отыр.

Сондай-ақ Эль-Ниньоның әсері әр елде әртүрлі болатыны айтылуда. Кейбір мемлекеттер қазірдің өзінде жауын-шашынның азаюына, су тасқындарына және аптап ыстыққа тап болса, енді бір елдерде егіс науқаны мен алдағы өнім жинау кезеңінде жағдай күрт нашарлауы мүмкін. 

Агенттік 2015-2016 жылдардағы Эль-Ниньо құбылысы 60-100 миллион адамның азық-түлік қауіпсіздігіне әсер еткенін еске салды. Қазіргі болжамдарға сәйкес, 2026-2027 жылдардағы цикл де осындай ауқымдағы дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Эль-Ниньо биылғы жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында шарықтау шегіне жеткенімен, оның салдары алдағы бір жыл бойы сезіледі деп болжанып отыр.