15 декабря 2019 г. 11:44

Эксклюзив! Nege.kz әйгілі суреттегі желтоқсаншыларды тапты (видео)

Фото:

Желтоқсан көтерілісіне қатысты сурет көп емес. Өйткені құжаттардың көпшілігінен «құпия» деген гриф әлі алынған жоқ. Сондай аз құжаттың бірі – қыз-жігіттердің алаңда қолтықтасып тұрған суреті. Nege.kz порталының тілшісі осы суреттегі екі қызды тапты. Сол кезде қыздардың екеуі де Киров атындағы университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университет – ред.) филология факультетінің студенттері болған.

Нұргүл Әбдіқадырқызы мен Роза Қалдыбекқызын Nege.kz порталының редакциясына шақырдық.

Нұргүл Әбдіқадырқызы: Ол кезде ҚазҰУ-дың филология факультетінде оқимыз. «Елімізді басқа ұлт өкілі басқарады екен» деген әңгіме желдей есті. Біздің топтың студенттері де бір-біріне сыбырласып, «алаңға барайық» дестік. Сөйтіп, 16 желтоқсан күні №8 жатақхана алдына  шықсақ,  Мырзатай Серғалиев бастаған бірнеше ұстазымыз тұр екен. Олар бізді байқамағансыды. Бәлкім, бара берсін деген болар. Содан әл-Фараби көшесіне шығып, алаңға бардық. Сол күні кешке дейін жүрдік. Ертесі, яғни, 17 желтоқсанда түнгі 2-3 ке дейін алаңда болдық. Жанымызда  Орынгүл, Жұманазия, Хадиша, т.б. қыздар болды. Жатақханаға жаяу келгенде сағат таңғы төрт болды. Алаңда бізге су шашты, сол күндері аяз қатты болды. Екі бетіміз домбығып үсіп кетті.

Роза Қалдыбекқызы: «Қазақта ел басқаратын азамат жоқ па?» деген сұрақ жиі қойылды. Намыстандық, бардық. Мені 2 рет тергеді. Екінші рет барғанда тергеуші қазақ кісіге 10 баланың үлкені екенімді айтып, жалындым. Тергеуде талып қалдым. Содан бері жүрек ауруы пайда болды. Міне, 33 жыл өтсе де, 16-17 желтоқсан күндері маған әлі ауыр тиеді.

Нұргүл Әбдіқадырқызы: Біздің ұстаздарымыз ұлтын, елін, тілін сүйген азаматтар еді. Сол кезде Тұрсынбек Кәкішев декан болатын. Бізді қудалаудан алып қалған Мырзатай Серғалиев, Талғат Сайранбаев ағайлар деп ойлаймын. Күнде аудиторияға келіп, басын шайқайтын. «Мына фотода барсыңдар ғой. Әй, сендерге қиын болады-ау» деп уайымдайтын. «Біріңді бірің ұстап беруші болмаңдар!» дейтін. Кейін ұстаздарымыздың тергеушілерге «Мұнда біздің студенттер жоқ» деп қорғап қалғанын білдік.

Суретте Қабылбек, Шадияр деген курстастарымыз, жерлесім Айбек деген жігіт бар. Менің жанымда тұрған – Роза. Фотодағы қыздар біз екенімізге бірнеше адам куә. Олар – сол фотодағы жігіттер.

Өзім бұл фотоны 2009 жылы көрдім. Бір-бірімізді таныдық. Курстастарымның бәрі «Нұргүл, мынау сен ғой» деді. Суреттегі қыз мен екенімді айтып, мақтануды, пайда көздеуді ешқашан ойлаған емеспін.

Роза Қалдыбекқызы: Бұл фото 17 желтоқсан күні түсірілген. Жігіттер бізді ортаға алып тұр. Біз оларға жігер бергендейміз сол кезде.

Бұл фото – тарих. Сол көтеріліске қатысқан 20-30 мың студенттің бірі болғаныма мақтанамын. Бірақ кейінгі ұрпаққа батыр болып көріну пиғылымыз жоқ. Мұны айту – бізге парыз.

Ескерту: Фотодағы қыздарды «менмін» дейтіндер болса, Nege.kz порталы редакциясының есігі ашық.

Динара Мыңжасар

Тегтер: