23 декабря 2020 г. 14:24

Эксклюзив! Қызылжар деген жазуды «қызыл жағалылар» НЕГЕ алып тастады?

Фото:

«Намыс» жастар қозғалысының мүшелері Петропавлға арнайы барып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловқа петиция тапсырды. Nege.kz тілшісі бастамашыл жастармен бірге барып, саяси талаптың куәсі болды.

Петропавл, NEGE. «Өздеріңізге мәлім, көршілес Ресейдің кейбір сайқымазақ саясаткерлері Қазақтың қанмен келген жерін «сыйлық» деп өздерін «жомарт» қылып көрсетіп жүр. Егер Ресей шынымен де жомарт болса, дәлелдесін. Қырымды – Украинаға, Орынбор мен Омбыны Қазаққа қайтарып берсін», – дейді Азамат Жолданбаев.

Тәуелсіздік алған 30 жылдан бері солтүстіктегі қала атауларының қазақшаланбауын мәселе етіп көтерген жастар облыстық әкімдікке барып, жауапты мамандармен кездесті. 

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң iшкi саясат басқармасының басшысы Кемел Қарашаұлы петицияны қабылдап алды.

«Петицияны әкімге табыстаймын. Ұлтжандылықтарыңа разымыз. Бәріміз ұлтжандымыз. Осы елдің суын ішіп, нанын жеп отырғаннан кейін ел үшін қызмет атқаруымыз керек. Жасаймыз, әуелі петицияны ресми қарап шығайық. Міндетті түрде жауап береміз», – деді К.Қарашаұлы.

Қозғалыс мүшелері қалаға кіреберісте тұрған «Петропавлға қош келдіңіздер» деген арнайы тақтаға «Қызылжар» деген баннер ілді. 

Арада бірнеше сағат өткенде әуежайға қайтар жолдағы «Петропавлға қош келдіңіз!» деген жазуға тағы көзіміз түсті. Айналасында құқық қорғау қызметкерлері қаптап жүр екен. Кейін әлдебір «қызыл жағалылардың» «Қызылжар» деген баннерді алып тастағанын байқадық... 

Тегтер: