1 октября 2020 г. 16:02

Экотуризм: Көлсай мен Қайыңды қалай өзгереді?

Фото:
Алматы облысында Көлсай көлдері ұлттық паркінің даму тұжырымдамасы таныстырылды. 

Шараға қоғам белсенділері қатысты. 

Алматы облысы, NEGE. Ұлттық паркте заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер және этно-ауылдар салынады. Сондай-ақ туристік бағыттарды дамытуға баса назар аударылады. Күрделі құрылыс жүргізілмейді, жеңіл конструкциялар қолданылады.

Парктегі экотуризмге арналған инфрақұрылым қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін негізгі көлдерден алыс салынады.

«Қайыңды, Көлсай көлдеріне бірде-бір нысан жақын салынбайды. Ғимараттардың бәрі төмен орналасады. Шатқалдың ішіне кірмейді. Бұл – табиғаттың сұранысын, қажеттілігін ескеріліп жасалған тұжырымдама. Концепцияның басты мақсаты – экожүйені бұзбау. Адамдар жаяу немесе велосипедпен жүріп, табиғатқа зиян тигізбей демалатын жағдайға келуіміз керек.  Тағы бір мақсатымыз – елді-мекен тұрғындарын жұмыспен қамту. Тек ірі бизнес өкілдері емес, жергілікті халық туризмнің пайдасын көруі тиіс» – деді парк директоры Данияр Тұрғанбаев.

Даму концепциясын парктің жанынан құрылатын Қоғамдық кеңеске шығарамыз. Сол кеңес жан-жақты қарап, талқылап болған соң әрі қарай заңға сәйкес әрекет жасаймыз. Үлкен инвестициялық жоба арқылы нысандар пайда болады. Тұжырымданы ертең бизнес өкілдері инвестициялық жобамен келгенде біздің талаптарды толық түсінсін деп жасап жатырмыз. Байқауға қатысқан кәсіпкер біздің тұжырымдамадағы идея болған жағдайда ғана жұмыс істеуге мүмкіндік алады», – деп ескертті Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев. 

Жиынға келген туристік қауымдастықтар, ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері мен журналистер ұлттық паркті аралап, инфрақұрылым салынатын орындармен танысты.

Сонымен алдағы уақытта туристік бағыттардың саны артып, шатырлар мен лагерлерге көбірек орын беріледі. Саты ауылының тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Жоба жеке инвестор тарту арқылы жүзеге асатын болады.

Дәл осы уақытқа дейін 87 мың турист қабылдаған паркте жоба жүзеге асар болса, қонақтар саны 5 есеге көбейеді.

 

 

Тегтер: