«Экономикалық романтиктер»: Respublica ЖСДП-ның сынына жауап берді

Теледебат кезінде ЖСДП мен Respublica партиялары жерге иелік ету мәселесі төңірегінде пікір таластырды.

Jibek Joly

Астана, NEGE. ЖСДП өкілі Лариса Ли Respublica партиясының қатарында ірі латифундистердің бар екенін айтып, партия бағдарламасындағы жеке меншікке қол сұғылмауына кепілдік беру туралы ұсынысты сынға алды.

Ол Respublica Құрылтайға азаматтардың жерге құқығын қорғау үшін бара ма, әлде жердің ірі меншік иелерінің қолында шоғырлануын заңмен бекіту үшін бара ма деген сауал қойды. Сондай-ақ меншік құқығын қорғауды жерінен айырылған азаматтардың құқығын қалпына келтіруден неге бастамайтынын сұрады.

Respublica өкілі Динара Шүкіжанова бұл сынмен келіспеді. Оның айтуынша, ірі жер иелері дегеніміз – салық төлейтін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, өңдейтін және жерді заңды негізде иеленіп отырған кәсіпорындар.

«Сұрағыңыздың өзі экономиканы нашар білетініңізді көрсетеді. Бұлай болмайды, құрметті экономикалық романтиктер. Ірі жер иелері туралы айтқанда, біз салық төлейтін, өнім өсіріп, оны өңдейтін және жерді заңды түрде иеленіп отырған кәсіпорындарды айтып отырмыз», – деді Шүкіжанова.

Respublica өкілі Олжас Құспеков меншік құқығы барлық азамат үшін бірдей қорғалуға тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл пәтерге, көлікке, бизнеске және жерге де қатысты.

Ал ЖСДП өкілдері қойылған сауалға нақты жауап берілмеді деп есептейтінін айтты. Партияның ұстанымынша, ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігінде болып, азаматтарға ұзақ мерзімге пайдалануға берілуі керек.

«Партияларыңыздың төрағасы «Абайды Абай еткен – Құнанбайдың малы» деп мәлімдеді. Онда жайылымы мен жер үлесінен айырылған қарапайым ауыл тұрғындары бүгін болашақ Абайларды, елге тірек болатын азаматтарды қалай тәрбиелейді?» – деп бұл мәселенің өзектілігін тағы бір атап өтті Ли.

Бұл теледебаттың бір ерекшелігі – оның командалық форматта өтуі. Алғаш рет жеті партияның әрқайсысынан екі өкілден қатысып, пікірсайысқа барлығы 14 спикер шықты.