11 марта 2026 г. 16:07

Экология министрі Қазақстанға «улы жаңбыр» жаумайтынын айтты

Фото: primeminister.kz

Экология министрі Ерлан Нысанбаев кулуарда Ираннан жылжып келе жатқан «улы жауынның» Қазақстанға қаупі туралы сұраққа жауап берді.

Астана, NEGE. БАҚ өкілдері Нысанбаевтан Экология министрлігі бұл жағдайды қалай бақылап отырғанын сұрады.

«"Қазгидромет" мамандарының мәліметі бойынша, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Қышқыл жаңбыр деген – күкірт пен азот оксидтерінің қосындысы. Бұл бөлшектер әдетте қысқа қашықтыққа таралады. Сондықтан өзбекстандық әріптестеріміз растағандай, Орталық Азияға "улы жаңбыр" қаупі жоқ», – деді ол.

Министр алдағы апталарда оңтүстік-батыстан жел соғатынын, сондықтан Қазақстанға қауіп төнбейтінін баса айтты.

Сондай-ақ, Нысанбаев сарапшылардың «Каспий маңындағы мұнай нысандарына шабуыл жасалған жағдайда, күкірт мол көлемде бөлініп, теңіз суын қайнатып жіберуі мүмкін» деген пікірін «сандырақ» деп атап, Каспий теңізін қайнатып, құрғату мүмкін емес екенін атап өтті.