Эколог-ағартушылар бас қосты
«Іле-Алатау» ұлттық паркінде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Туристерге қызмет көрсету үшін арнайы визит-орталық ашылды. Жуырда Алматыдағы эколог-ағартушылар орталық жұмысымен арнайы танысып қайтты.
Кездесуде тау туризмін дамыту, экологияны сақтау және өскелең ұрпаққа мектеп орманшылығын үйрету жайлы ұтымды ойлар айтылды.
«Визит-орталық келушілерді бірден баурап алатынына сенемін. Бұрындары тауға келген туристер үшін жағдай жасалмайтын. Енді Алма-Арасан шатқалын шарлайтындар үшін арнайы ақпарат алатын орын, интернет, жылы мекен, ыстық шәй, тіпті, қол ұшын созар мамандар да жеткілікті. Бұл бастама отандық туризмнің дамуын қарқындататыны сөзсіз», – дейді Айгерім Шалғынбаева.
Ғалымдардың айтуынша, бұл өркениетті экотуризмнің нышаны. Келушілерге табиғат аясында өзін ұстау мәдениетін қалыптастыру ісінде визит орталықтар, ондағы ақпараттар, гидтер мен карталар үлкен рөл ойнайды. "Аюсай" шатқалындағы визит орталық осындай нысандардың алғашқысы. Экотуризмді дамыту жоспарында елдегі ұлттық парктерде осындай орталықтар ашу көзделген.