Әкімдік: Екібастұзда жарылған су құбыры бүгін жөнделеді
Павлодар облысының әкімдігі Екібастұзда жарылған су құбырының жай-жапсарын түсіндірді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. Еске сала кетейік, кеше Екібастұз қаласында «Қалалық су арнасы» ҚКК жөндеу жұмыстары кезінде ЖЭО-ға арналған диаметрі 500 мм болатын техникалық құбыр зақымданған болатын.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл ақаудың қаланы ауыз сумен қамту жүйесіне еш қатысы жоқ.
30 желтоқсан 22:11 кезіндегі соңғы ақпарат бойынша, ЖЭО штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Жылу электр орталығындағы су қоры үздіксіз жұмыс істеуге жеткілікті. Апат орнында «Қалалық су арнасы» мамандары жұмыс істеп жатыр. Ақауды 31 желтоқсан түнгі 1-ге дейін жөндеп бітеді деп жоспарланған» деп хабарлады әкімдіктен.
Су құбырын қалпына келтіруге төтенше жағдай қызметі, «Қалалық су арнасы» ҚКК, «Екібастұзжылуэнергиясы» ЖШС ресурстары жұмылдырылды.