Екібастұзда өрт сөндірушілер өрт кезінде 3 адамды құтқарды
2023 жылғы 03 сәуірде сағат 16:20-да Екібастұз қаласы Матросов көшесі, 9 үй мекенжайы бойынша өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
Алматы, NEGE. Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде бесінші қабаттағы пәтерден түтін шығып жатты. 12 шаршы метр аумақтағы бөлмелердің бірінде жиһаз, үй заттары өртенді. Өрт салдарынан үйлердің кіреберістеріне түтін тез тарады.
2-МӨСБ бөлімінің командирі азаматтық қорғау старшинасы Сартымбеков Асылхан, 2-МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау кіші сержанты Пронченко Роман және 6-ӨСБ қарауыл бастығы азаматтық қорғау капитаны Бутенова Руслан "Respihood" құтқару қалпақшасының көмегімен баспалдақ арқылы 3 адамды құтқарды. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 15 адам өз бетінше эвакуацияланды, оның ішінде 5 бала. Өртті 16:50-де ауыздықтап, көп ұзамай 17:05-те өрт толық жойылды.
Өртті сөндіруге 12 қызметкер мен үш бірлік техника қатысты. Өрттің себебі анықталуда.