«Екіге оқитын оқушыға ұқсайсыз»: депутат мұнай компаниялары басшыларына шүйлікті
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің 12 ақпанда өткен отырысында депутат Еділ Жаңбыршин шетелдік мұнай компаниялары басшыларын қатаң сынға алды.
Астана, NEGE. Комитет төрағасы жиынға ірі компания басшыларының дайындықсыз келуін сынады.
Бұған қоса Жаңбыршин компаниялардың тауарларды Қазақстанда өндірмей, Қытайдан сатып алып отырғанына шүйлікті.
«Барлығын Қытайдан сатып алып отырсыздар. Неге мұнда депуттарды алдап отырсыздар? Келген екенсіздер, қандай ұзақ мерзімді, қандай офтейк келісім-шарттар бар екенін, отандық тауар өндірушілерге жұмыс орнын құруға қалай көмектесіп жатқандарыңызды нақты баяндауларыңыз керек. Сіздерде тіпті отандық тауар өндірушілерді дамыту бағдарламасы да жоқ. Сіздер Қазақстанда тауар өндірісін дамытуға арналған бес жылдық бағдарлама да жасаған жоқсыздар. Энергетика министрлігімен әлі күнге дейін қол қойған жоқсыздар. Ал нарықта көптен бері жұмыс істеп жатырсыздар», – деді ол компания басшыларына қарата.
Шикі мұнай өндіретін «Матен Петролеум» АҚ бас директоры Лю Цзиньчэн Қазақстанның тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді алты келісімшарт бар екенін айтқанымен, оның кімдермен және қандай тауарларға жасалғанын нақты айта алмай, көмекшісіне жалтақтай берді.
Ал көмекшісінің айтқанын ежіктеп жеткізген бас директорды Жаңбыршин «екіге оқитын балаға» теңеді.
«Екіге оқитын балаға ұқсайсыз. Бас директор ретінде ұзақ мерзімді келісімшартты кіммен, қандай тауарларға жасағаныңызды және компаниялардың қай жерде орналасқанын, қандай сомаға және қанша жылға жасалғанын нақты білуіңіз керек. Бар-жоғы – алты келісімшарт. Ал сіз мектептегі екіге оқитын балаға ұқсап жауап бере алмай отырсыз», – деді комитет төрағасы.
Ол компания басшыларына импортты алмастыру тікелей Президенттің бақылауында екенін ескертті.