Екібастұздғы МАЭС-ке 2 млн теңге айыппұл салынды
Павлодар облысы Екібастұз қаласында орналасқан 1-МАЭС-ке күл-қож қалдықтарын арнайы белгіленген орыннан тыс жерге төккені үшін 500 АЕК көлемінде айыппұл салынғаны мәлім болды.
Астана, NEGE. Табиғат қорғау прокуратурасы тексеру барысында 1-МАЭС станциясының күл-қож құбырына іргелес жер учаскесінде қалдықтар жиналғанын анықтаған. Бұл экологиялық заңнама талаптарын бұзу болып саналады.
«Экология департаменті "Екібастұз 1-МАЭС" ЖШС-не қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырды. Екібастұз қалалық сотының қаулысымен кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Тағы бір өнеркәсіптік кәсіпорынға атмосфераға ластаушы заттарды белгіленген нормадан артық шығарғаны үшін 70 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Сот актісі занды күшіне еніп, айыппұлдар төленді.