eGov-тағы 15 млн адамның дерегі darknet-ке тарады ма? Министрлік жауап берді

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының деректері тарап кетті деген ақпаратты жоққа шығарды.

freepik.com

Астана, NEGE. Ведомство уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізген. Нәтижесінде eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталмаған.

Сондай-ақ министрлік darknet-те сатылымға шығарылған файлдарды зерттеген. Талдау нәтижесінде олардың әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені және eGov дерекқорының көшірмесі еместігі анықталған.

Бұған қоса, жарияланған деректердің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді.

Министрліктің мәліметінше, eGov жүйесінде паспорттардың сканерленген көшірмелері сақталатын дерекқор жоқ. Цифрлық құжаттар мүлде басқа тәсілмен жасалып, сақталады.

«eGov жүйесі бұзылған жоқ. 15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомство БАҚ пен ақпараттық ресурстар өкілдерін darknet-тегі анонимді хабарландыруды жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын растайтын дәлел ретінде қабылдамауға шақырды.