eGov пен мемлекеттік сервистердің уақытша істен шығу себебі айтылды
21 тамызда пайдаланушылар электронды үкімет сервистеріне кіруде қиындық туындағанын мәлімдеді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері мән-жайды түсіндірді.
Астана, NEGE. Компания мәліметінше, мемлекеттік сервистердің ашылмай қалуына сыртқы интернет-трафик белсенділігінің артуы себеп болған. Қазақстандық интернеттің қорғаныс тетіктері іске қосылып, соның салдарынан жекелеген мемлекеттік сайттар уақытша қолжетімсіз болған.
«Қорғаныс механизмдері сыртқы белсенділікке дер кезінде жауап беріп, ұлттық цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етті», – делінген хабарламада.
Компания өкілдері трафик қалпына келтіріліп, қазіргі уақытта барлық жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, жағдайды мамандар бақылауға алғанын атап өтті. Алайда ҰАТ-та ауқымды ақау болғаны туралы ақпаратты ресми түрде растамады.
Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті 21 тамызда сағат 12:30-дан 16:00-ге дейін цифрлық жүйелеріне қолжетімділік болмағанын хабарлады. Кейін жүйелердің жұмысы қалпына келтірілді.