«Біз ертең Мбаппені тоқтатамыз» – Егор Сорокин
Бүгін Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин мен команда қорғаушысы Егор Сорокин «Реал Мадридке» қарсы өтетін матч қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын барысында олар ертеңгі маңызды ойынға дайындық барысын баяндап, команданың қазіргі қарқыны жайында ойын айтты.
Күні ертең Қайрат футбол клубы Реал Мадридке қарсы алаңға шығады. Бұл футболсүйер қауым үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін үлкен тарихи сәт болғалы тұр. Баспасөз конференциясында «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин командасының дайындығы туралы айтты.
«Қайрат ертеңгі ойынға толық дайын. Матч барысында команда тек қорғаныспен шектелмей, шабуылға да шығып, тең ойын көрсетуге ниетті. Ең бастысы, біз матчтың соңғы секундына дейін ойнауымыз керек. Жігіттерді соған дайындап жатырмыз. Өткен ойындағы жеңілістен сабақ алып, ойын бойы жоғары деңгейде барымызды салуға тырысамыз», – деді ол.
Сондай-ақ Уразбахтин дайындық кезінде қарсылас команданы талдауға ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, клуб бапкерлік штабы «Реалдың» соңғы бес кездесуін, соның ішінде ПСЖ-мен Клубтар арасындағы әлем чемпионатындағы ойынын ерекше сараптаған.
«Реалдың» соңғы бес кездесуін, соның ішінде ПСЖ-мен Клубтар арасындағы әлем чемпионатындағы ойынын да қарап шықтық. Футболда бәрі болуы мүмкін – жеңіліс те оның бір бөлігі. «Атлетикомен» болған матчқа ерекше тоқталған жоқпыз. Сол ойында олар тактикалық схемасын сәл өзгерткен еді, бәлкім, сондықтан ойыны жүрмей қалған шығар. Бірақ нақты баға бермеймін. Біз, керісінше, «Реалдың» жеңіске жеткен ойындарын мұқият талдадық», – дейді Уразбахтин.
Шолу барысында бапкер Реалдың қарымта шабуылдарына мықтылығымен қатар, аз да болса әлсіз тұстарын байқағанын жеткізді. Жігіттердің ертеңгі алаңда кемшіліктерді сәтті пайдалануы басты міндет деп атап өтті. Сонымен қатар, бас бапкер матчтың Қазақстан үшін тарихи оқиға екенін атап, елді жеңіске деген сенімге шақырды. Жоғары деңгейдегі клубпен ойнаудың сынақпен қатар, үлкен тәжірибе екенін де атап өтті.
«Команда бұл кездесуді асыға күтеді. Бұл еліміз, ойыншыларымыз бен бапкерлеріміз үшін тарихи матч. Қазір Қазақстанда футбол мерекесі деуге болады. Мұндай жоғары деңгейдегі клуб «Реал Мадридтің» елге келуі тосын жаңалық болды. Біз бұл ойынға үлкен үмітпен дайындалып жатырмыз», – деп сөзін қорытындылады Уразбахтин.
Қайрат футбол клубының қорғаушысы Егор Сорокин Реал Мадрид шабуылшысы «Қайрат Мбаппенің қарқынын қалай тоқтатады?» деген сұраққа жауап берді:
«Алаңда командамен ойнағандықтан, бұл бірігіп жасайтын жұмыс дер едім. Оның алаңдағы ойынын мейлінше қиындатып, өз қақпасына қауіп төндірмеуге тырысамыз», – деді ойыншы.
Сорокиннің айтуынша, командада қазіргі таңда барынша жинақтылық пен тәртіп үстемдік етіп тұр. Әр ойыншы ертеңгі ойынның маңыздылығын жақсы түсініп, асқан дайындықпен күтіп жүр. Команданың қарсылас клубты терең талдап, ойынға тактикалық тұрғыда тыңғылықты дайындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, қорғаушының ерекше атап өткен ойыншыларының бірі – қақпашы Шерхан Қалмұрза. Ол «Спортингке» қарсы добютінен кейін көпшіліктің назарына ілініп, тіпті үлкен қысымға ұшырағанына қарамастан, жоғары жауапкершілікке сай ойынға сақадай сай екенін атап өтті.
«Қайрат» командасының шабуылшысы Дастан Сатпаев та ойын алдында өз ойымен бөлісті.
«Бұл біз үшін жаңа тәжірибе, сондықтан ол жолда барымызды саламыз. Мен үшін ең бастысы, команда жеңіске жетіп, осы матчтан барынша жақсы нәтиже көрсетуі. Қарсылас «Реал» бірнеше рет Чемпиондар Лигасының чемпионы болған команда. Жанкүйерлеріміз үшін барымызды салсақ, бәрі жақсы болады деп ойлаймын», – деді Сатпаев «Qazsport» телеарнасына берген сұхбатында.
Ал, күні ертең 30 қыркүйекте алматылық «Қайрат» өз алаңында «Реалды» қабылдайды. Кездесу жергілікті уақытпен сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.