19 августа 2022 г. 20:10

«Егінжай күні – 2022» семинары қалай өтті?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты жолдауында дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларға ерекше тоқталды. Әсіресе, «фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек» дегені ел жадында. Осы бағытта Жамбыл облысы нәтижелі жұмыстар атқара алды. 

Алматы, NEGE. Жуырда, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Шу ауданында өткен «Егінжай күні – 2022» семинарына қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу. Шараға аудан әкімдері, ауыл шаруашылығы саласында еңбегі сіңген мамандар мен ғалымдар қатысты. Қонақтар семинар барысында осы саладағы үздік техника жетістіктерімен қатар ерекше қондырғыларды көрді. Атап айтсақ, «Келет» компаниясының насос қондырғылары, сондай-ақ, «Volmant» компаниясының су үнемдеуге негізделген «Valley» қондырғыларын көрді. Одан өзге түрлі техника, тыңайтқыш, пестицид пен тұқым көрмесін, «Qyzylsha» ЖШС-нің қант қызылшасы, картоп, дәндік жүгері, мақсары және «Шығын» ШҚ-ның пияз алқабымен танысты.

Өңірлерден келген 15 компания 30-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасын және жабдықтарын таныстырып өтті. 

Жиынның ашылуында аймақ басшысы облыс экономикасындағы оң динамиканың қалыптасуына ауыл шаруашылығы саласының үлесі үлкен екендігін, биыл ауа-райының қолайлылығына байланысты астықтың бітік шыққаның жеткізді.

«Ағымдағы жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 756 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мыңға артып отыр. Өңір дихандары дәнді дақылдарды жинауды аяқтап, әр гектарынан 19 центнерден өнім алынды. Картоп, бақша, көкөніс  және майлы дақылдарды жинау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, бұл салада қордаланған мәселелер де аз емес. Жалпы 2022 жылға мемлекеттік қолдау шараларына 31,2 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 12 млрд. теңгеге артты. Бүгінгі күнге 11 млрд. теңге қаржы игеріліп, 6,6 мың шаруашылыққа субсидия төленді. Әр шаруа мемлекеттік қолдауды сезінуі тиіс. Бүгінгі шарада қант қызылшасын өсірудің озық технологиясымен таныстық.

Облыс бойынша 120 мың тоннадан астам тәтті түбір жиналады деп күтілуде. Егіннен мол өнім алу үшін басты міндет – тұқым мен техниканы жаңарту, егістік алқабын тыңайту. Бүгінгі күнге 34,2 мың тонна тыңайтқыш алуға келісім-шарт жасалып, оның 32,1 мың тоннасы шаруаларға жөнелтілді», – деген өңір басшысы облыстағы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу шараларына да тоқталып өтті.

Бүгінде облыс бойынша 12 316 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген десек, осы жылы облыстағы техникалардың 11 пайызы жаңаруы жоспарланған. Сондай-ақ, өңірде су үнемдеу технологиялары 50 мың гектар алқапқа орналастырылған.

Аймақ басшысы өз сөзінде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, жайылым жерлерді тиімді пайдалану бойынша қолға алынған жобаларды да баса айтты. 

Тегтер: