ЕЭК Қазақстан көтерген 30 мәселенің екеуін ғана қолдаған: Саудамин ел мүддесін қалай қорғап жүр

Қазақстанның ЕАЭО аясындағы сауда мүддесін қорғауға жауапты негізгі органдарының бірі – Сауда және интеграция министрлігі. Өйткені одақ аясында қазақстандық экспорттаушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, тарифтен тыс және кедендік-тарифтік реттеу мәселелерін үйлестіру дәл осы ведомствоның құзыретіне кіреді. Басқаша айтқанда, қазақстандық кәсіпкерлердің ЕАЭО нарығына шығуы, мемлекеттік сатып алуға қатысуы және саудадағы кедергілердің жойылуы көбіне министрліктің жұмысына тәуелді. Сондықтан Еуразиялық экономикалық комиссияның тізбесіндегі даулар мен олардың нәтижесі Сауда министрлігінің тиімділігін бағалайтын маңызды көрсеткіштердің бірі десе де болады.

ЕЭК

Қағаз жүзіндегі қатынас

2022-2026 жылдары Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) 60 өтініш жолдаған. Оның 30-ы Сауда және интеграция министрлігінің құзыретіне кіретін төрт бағытқа қатысты болды. Атап айтқанда, 20 өтініш тарифтен тыс реттеу мәселелеріне, 6 өтініш техникалық реттеуге, 2 өтініш мемлекеттік сатып алуға және тағы 2 өтініш кедендік-тарифтік реттеуге қатысты.

Тарифтен тыс реттеу бағытындағы өтініштердің басым бөлігі Ресейдің жекелеген тауарларды экспорттауға енгізген уақытша тыйымдарына, рұқсат беру тәртібіне, ағаш материалдарын, астықты, қант пен басқа да тауарларды әкетуге қойылған шектеулерге арналды. Техникалық реттеу саласында Қазақстан Ресейдің сәйкестік сертификаттарын тану тәртібіне, стандарттау туралы заңнамасына, Starlink жабдығын тасымалдауға және сәйкестік декларацияларының қолданылуын тоқтатуға қатысты мәселелер көтерді. Мемлекеттік сатып алу бойынша екі өтініш Ресейдің ұлттық режим талаптары мен сенімді цифрлық объектілер реестріне қолжетімділікке арналса, кедендік-тарифтік реттеу бағытында Ресейдегі утильалымды есептеу тәртібі мен Үкіметтің №311 қаулысына байланысты мәселелер көтерілді.

NEGE, дереккөз ЕЭК

Алайда өтініш беру бар да, оны орындату бар. Сауда министрлігі жетекшілік ететін төрт бағыт бойынша берілген 30 өтініштің тек екеуі ғана «кедергі жойылды» мәртебесіне жеткен. Тағы бір іс бойынша «кедергіні жою процесі жүріп жатыр» деген мәртебе сақталған. Қалған 27 өтініш әлі де талдау сатысында, ЕЭК алқасының қарауында, оперативтік кеңесте немесе өтінішке жауап берумен ғана шектелген. Мәселен, Ресейдің жекелеген тауарларды әкетуге рұқсат беру тәртібіне қатысты Қазақстанның өтініші 2022 жылғы маусымда тіркелгенімен, төрт жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін «кедергіні жою процесінде» деген мәртебеде тұр.

ЕАЭО аясында мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, тарифтен тыс және кедендік-тарифтік реттеу мәселелерінде қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау Сауда және интеграция министрлігінің негізгі функцияларының бірі саналады. Сондықтан өтініштердің басым бөлігінің бірнеше жыл бойы түпкілікті шешілмеуі министрліктің ЕЭК алаңындағы жұмыс сапасына байланысты сұрақтар туындатады. Министрлік ондаған мәселені ЕЭК деңгейіне шығарғанымен, нақты нәтиже тым аз.

Армения Қазақстанға қатысты бірде-бір шағым түсірмеген. ЕЭК реестріне енген жеті өтініштің барлығы Ресейге қарсы бағытталған.

Беларусьтің Қазақстанға қатысты өтініштері өте аз болды. Сауда министрлігінің негізгі құзыретіне кіретін бағыттар бойынша бір ғана мәселе анықталды. Ол Қазақстанда халықаралық тасымал көліктеріне қатысты импорттық кедендік төлемдерді алу тәртібіне байланысты. Бұл өтініш бойынша ЕЭК кедергі белгілері анықталмаған деген қорытынды шығарған.

Қырғызстанның Қазақстанға қатысты шағымдары көбірек болды. Сауда министрлігінің құзыретіне кіретін бағыттар бойынша төрт мәселе көтерілген. Олар Қазақстан арқылы автокөлік бөлшектерін тасымалдаудағы қиындықтарға, Қазақстандағы сауда орындарында отандық өнімдерді сөрелерге орналастыру талаптарына, Қырғызстаннан жиһаз бен матрас экспорты кезінде туындайтын проблемаларға және қара және түсті металл сынықтарын экспорттауға енгізілген тыйымға қатысты болды. Бұл өтініштердің қаралу мерзімі 512 күннен 1 429 күнге дейін созылған.

Ресей Қазақстанға қатысты сауда саласы бойынша 26 өтініш жолдаған. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, тарифтен тыс және кедендік-тарифтік реттеу мәселелері басым. Алайда бұл өтініштердің ешқайсысы «Кедергі жойылды» мәртебесіне жетпеген. Бір бөлігіне жауап берілсе, қалғандары ЕЭК Алқасында, оперативтік кеңесте немесе өзге қарау сатыларында қалып отыр.

Өтініштер тізбесінен бөлек, Еуразиялық экономикалық комиссия арнайы мониторинг жүргізеді. 11 шілдедегі жағдай бойынша, мониторингте 19 кедергі тіркелген. Оның 14-і немесе 73,7%-ы Ресейдің ұлттық заңнамасы мен реттеу шараларына қатысты. Қазақстанға қатысты екі мәселе, ал Беларусь, Қырғызстан және Арменияға қатысты бір-бірден кедергі мониторингке енгізілген.

Кіріптарлықтың зардабы

Қазақстан ЕЭК-де көтерген мәселелердің басым бөлігі экспортқа тікелей әсер ететін шектеулерге қатысты. Мысалы, Ресейдің ағаш, астық және қант экспортына қойған уақытша тыйымдары қазақстандық кәсіпорындардың шикізатпен қамтамасыз етілуіне ықпал етсе, тауарларды шығаруға арнайы рұқсат беру тәртібі жеткізу мерзімін ұзартып, кәсіпкерлердің логистикалық шығынын арттырады. Ресейдің ЕАЭО елдері берген сәйкестік сертификаттарын мойындамауы өндірушілерді қайта сертификаттауға мәжбүрлейді. Ал мемлекеттік сатып алудағы ұлттық режим мен сенімді цифрлық объектілер реестріне қойылған талаптар қазақстандық компаниялардың Ресейдің мемлекеттік сатып алу нарығынан шектейді.

Осы түйткілдердің бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқаны тек құқықтық сипаттағы мәселе емес, экспорт көлеміне, өндіріс шығындарына және кәсіпорындардың табысына тікелей әсер ететін экономикалық фактор болып отыр. Мемлекеттік сатып алу саласында Мәскеудің де Астанаға талабы бар. Тіпті мұны қарымта шектеулердің тартысы деуге де болады.

Ресми саммиттер мен форумдарда Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі екені жиі айтылады. Мұны статистика да растап тұр. 2026 жылдың алғашқы төрт айындағы жағдай бойынша Қазақстан импортының 31,8 пайызы, экспортының 8,4 пайызы Ресейге тиесілі. Яғни Астананың өзара алыс-берісте Мәскеуге кіріптарлығы 2025 жылғы көрсеткіштен де нашарлай түскен. Былтыр Қазақстан импортының 29,6 пайызы, экспортының 10 пайызы солтүстік көршіміздің үлесінде болған. Қазақстан Ресейден 11,8 млрд доллардың тауары мен қызметін импорттап, 5,2 млрд долларға экспорт жасаған.

 

Автор: Анық Есімбай