Дзюдошы Ибраһим Нұрмаханұлы V Азия Пара ойындарының чемпионы атанды
Қазақстандық спортшы Ибраһим Нұрмаханұлы Жапонияның Айчи-Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара дзюдодан алтын медаль жеңіп алды.
Астана, NEGE. J2 класында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Ибрагим финалда өзбекстандық Кемран Нуриллаевты жеңді.
Ибраһим Нұрмаханұлы 2025 жылы Азия чемпионы атанса, 2026 жылы пара дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген болатын.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшы Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен Азия Пара ойындарының рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алған еді. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екі мүмкіндігін сәтті орындап, үздік нәтиже көрсетті.
Сондай-ақ пара оқ атудан Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде 249,1 ұпай жинап, бірінші орын иеленді. Бұл нәтиже Азия Пара ойындарының жаңа рекорды болып тіркелді. Сонымен қатар Еркін Ғаббасов Лос-Анджелес 2028 Паралимпиада ойындарына жолдама алды.