Дзюдошы Бексұлтан Құлмырза V Азия Пара ойындарында ел қоржынына тағы бір алтын медаль салды

Қазақстандық парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында чемпион атанды.

Туризм және спорт министрлігі

Астана, NEGE. Бексұлтан Құлмырза J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол финалдық кездесуде Корея Республикасының өкілі Ким Донхунды 1 минут 44 секундта иппон әдісімен жеңіп, алтын медаль иеленді. 

Айта кетейік, бұған дейін жерлесіміз Ибраһим Нұрмаханұлы V Азия Пара ойындарында пара дзюдодан чемпион атанған болатын. Ол J2 санатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалда өзбекстандық Кемран Нуриллаевты жеңді. 

Ал қазақстандық спортшы Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен Азия Пара ойындарының рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алған еді. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екі мүмкіндігін сәтті орындап, үздік нәтиже көрсетті.

Сондай-ақ пара оқ атудан Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде 249,1 ұпай жинап, бірінші орын иеленді. Бұл нәтиже Азия Пара ойындарының жаңа рекорды болып тіркелді. Сонымен қатар Еркін Ғаббасов Лос-Анджелес 2028 Паралимпиада ойындарына жолдама алды.

Қазіргі таңда ұлттық құрама қоржынында төрт алтынды қоса есептегенде, 20 медаль бар.