Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жауапты болған Наиль Нұров қамауға алынды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының бұрынғы басшысы Наиль Нұров 40 млн теңге пара алды деген күдікпен қамауға алынды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясы

Астана, NEGE. Бұл жөнінде журналист Михаил Козачков хабарлады.

«Бұл ақпарат шенеунік екі аптаға жуық уақыттан бері отырған Астанадағы тергеу изоляторынан келіп түсті», – деп нақтылады журналист Telegram-дағы арнасында.

Наиль Нұров 2024 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарын да басқарды. Халықаралық іс-шара аяқталғаннан кейін кейбір нысандарға қатысты сұрақтар туындаған. Тергеу болжамы бойынша, дирекция басшысы құны 500 миллион теңгеден асатын этноауыл тұрғызу жөнінде келісім жасап, мердігерден тапсырыс құнының 10 пайызы көлемінде пара талап еткен.

Кейін құқық қорғау органдары ақшаның Наиль Нұровқа қолма-қол берілгенін айғақтайтын дәлелдер тапқан. Сонымен қатар мердігер оның жеке пайдалануына арналған металл жаппа орнату шығындарын да төлеген. Тергеу мәліметінше, дирекция басшысы жалпы алғанда кемінде 40 миллион теңге алған деп күдіктелуде.

Сот күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

59 жастағы экс-шенеунік бұған дейін әртүрлі ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған, соның ішінде 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы 28-Дүниежүзілік универсиаданы өткізуге жауапты болған.