Дүниежүзілік банк Қазақстанға «7-20-25» бағдарламасын кезең-кезеңімен тоқтатуды ұсынды
Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанға «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын біртіндеп аяқтап, нарықтық несиелендіру жүйесіне көшуге кеңес береді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Halyk Finance талдау орталығының Қазақстанның тұрғын үй нарығына арналған шолуында айтылған.
Дүниежүзілік банк сарапшылары өз зерттеуінде Қазақстанның ипотекалық несие беру жүйесінде мемлекет пен ірі субсидиялардың басымдығын азайтып, тұрғын үйді қаржыландырудың теңгерімді моделіне көшуді ұсынған.
Реформалар тізімінде «7-20-25» бағдарламасын кезең-кезеңімен аяқтау ұсынысы да бар. Зерттеу авторлары мұны бағдарламаның тиімділігі мен оның Ұлттық банк мандатына сәйкестігін бағалаумен байланыстырған.
Дүниежүзілік банктің есебіне сүйенсек, 2024 жылы мемлекет тұрғын үй секторын субсидиялауға шамамен 950 млрд теңге жұмсаған. Бұл жалпы ішкі өнімнің 0,7 пайызына тең.
Ұлттық банк те қаржылық тұрақтылық туралы есептерінде мемлекеттік қолдау бағдарламалары сұранысты арттырып, нарықтағы баға қалыптастыруға әсер ететінін және нарықтық мөлшерлемемен берілетін ипотеканы ығыстыратынын атап өткен.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) да осыған ұқсас тұжырымға келген. Ұйым сарапшыларының пікірінше, төмен пайызбен берілетін несиелер тұрғындардың қарыз алу мүмкіндігін арттырғанымен, баспана бағасының өсуіне ықпал етеді.
Соның салдарынан банктердің нарықтық ипотека беру үлесі азайып барады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында банктер ұсынатын нарықтық ипотекалық өнімдердің үлесі 14 пайызға дейін төмендеген. Ал былтыр бұл көрсеткіш 26 пайыз болған.
Нарықтың қалған басым бөлігін жеңілдетілген және квазимемлекеттік бағдарламалар құрайды. Олардың ішінде несие берудің негізгі көлемін «Отбасы банк» қамтамасыз етеді.
Halyk Finance сарапшылары да нарықтық ипотекаға біртіндеп көшуді қолдайды. Алайда олар мұндай өзгеріспен қатар ұзақ мерзімді қаржыландырудың балама көздерін дамыту және баспанаға мұқтаж табысы төмен азаматтарға атаулы көмекті сақтау қажет екенін атап өткен.