27 июня 2025 г. 5:45

«Дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді» – Президент

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек.

Алматы, NEGE. – Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды. Әрине, кез келген технологиялық революция сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның келесі жылғы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалығы аясында жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы стратегиялық маңызды саладағы әлеуетті нығайту үшін елімізде атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

– Біз ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамытып келеміз. Таяуда есептеу қуаты жоғары суперкомпьютерді іске қосады. Оның ресурсын ғылыми зерттеулерге, модельдеуге, үлкен деректер қорын өңдеуге және инженерлік тұрғыдан күрделі міндеттерді шешуге пайдаланамыз. Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Салалық заң қабылдау жоспарланып отыр. Бұл қадамдардың барлығы елімізде жасанды интеллектіні қолданудың берік институттық негізін қалыптастыруды көздейді, – деді Президент.