ДСҰ коронавирусқа қатысты шешім қабылдады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирустың таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялауды шегере тұру туралы шешім қабылдады.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус хабарлады деп хабарлайды осы ұйымның Twitter –дегі ресми парақшасы.

«Мен бүгін  қоғамдық денсаулық сақтау саласында халықаралық маңызға ие төтенше жағдай жарияламаймын. Қытайдағы төтенше оқиға әзірге жаһандық деңгейдегі төтенше жағдайға айнала қойған жоқ», — деді Тедрос Гебрейесус.

ДСҰ бас директоры әзірге коронавирустың қайдан шыққаны белгісіз екенін, оның қаншалықты тез таралатыны беймәлім әрі оның клиникалық қасиеттері жайлы мәлімет жоқ екенін мәлімдеді. ДСҰ барлық елдің денсаулық сақтау министрліктеріне індетпен күрес туралы нұсқаулықтарды жолдаған.

24 қаңтарда таңертең жеткен дерек бойынша Қытайдағы 2019-nCoV коронавирусының жаңа түрінен көз жұмғандар саны 25-ке жеткен, ауру жұқтырғандар саны 830-ға өскен.  
Барлық өлім Қытайда тіркелген, індеттің Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Таиланд, АҚШ және Вьетнамға жеткені белгілі болды. Гебрейесус қауіпті вирустан қайтыс болғандардың дені оған дейін иммундық жүйені әлісірететін гипертония, сусамыр, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттанғанын айтты.

Қазір оқып жатыр

Журналист Ботагөз Омарова үйқамаққа алынды

Ломбардтағы қарыздар соттан тыс банкроттық шартынан алынып тасталды

Алматыда дәрігерлер әйелдің іш қуысынан 25 келілік үлкен ісікті алды

Талдықорғанда зейнеткерден 5 келіден астам гашиш тәркіленді