ДСҰ-ға мүше болған 11 жыл ішінде Қазақстанның тауар айналымы екі есе өсті

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болған 11 жылдың ішінде елдің тауар айналымы екі есе өсті.

Коллаж: gov.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Құрылтайда өткен брифингте сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанның сыртқы саудасының 98 пайызы ДСҰ-ға мүше елдермен жүргізіледі. Олардың қатарында Қытай, Еуропалық одақ және АҚШ бар.

«Қазақстанның ДСҰ-ға қатысуы – тауар айналымының екі есе өсуі және экспорттық мүмкіндіктеріміздің кеңеюі. Сонымен қатар ДСҰ-ға мүшелікті инвесторлар үшін өзіндік "денсаулық анықтамасы" деуге болады. Яғни инвесторлар Қазақстан халықаралық міндеттемелерді сақтайтынына сенімді болады», – деп атап өтті Шаққалиев.

Айта кетейік, бүгін, 16 тамыздағы Құрылтай отырысында депутаттар «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелер тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстан ДСҰ-ға 2015 жылы қосылды. Хаттамаға Қазақстанның тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін қамтитын 18 қосымша енгізілген. Солардың бірі – Көрсетілетін қызметтер бойынша ерекше міндеттемелер тізбесі. Осы Тізбеге енгізілетін өзгерістерді ратификациялау арқылы Қазақстан ДСҰ-ның көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады.

Бұл шара қызметтер саудасын әділ және ашық реттеуді қамтамасыз етуге, әкімшілік рәсімдерді оңайлатуға, реттеуші талаптардың ашықтығын арттыруға және шетелдік әрі отандық көрсетілетін қызметті берушілер үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді деп күтілуде.