Досым СӘТПАЕВ: «ҰЖЫМДЫҚ НАЗАРБАЕВ» ешқайда кеткен жоқ!
Тәуелсіз журналистерге қарсы жасалған шабуылдан ел ішіне іріткі салу әрекеті анық көрінді. От көсеушілердің мақсаты – Тоқаевтың беделі мен жүргізіп жатқан саясатына нұқсан келтіру. Полицияның өзі ресми түрде осылай мәлімдеді.
Десе де, шынайы тапсырыс беруші туралы сауалдың бас ашық. Жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. Саясаттанушы Досым СӘТПАЕВ осы шабуыл және реваншизм қатері туралы NEGE-ге сұқбат беріп, шетін үрдістердің астарына үңілді.
«Онда билік бірдеңені жасыруға ұмтылғаны...»
– Таяуда полиция саяси дүрмек тудыру үшін тәуелсіз журналистерге шабуыл ұйымдастырған адамдарды ұстады. Бірақ тапсырыс берушілерге қатысты күмән сейілмей отыр. Сіздіңше, мұның артында кімдер тұр?
– Шабуыл басталған сәттен бастап үш түрлі нұсқа айтылып жүрді:
Біріншісі, Ресейдің арнайы қызметі. Олар Украинаны қолдайтын құрылымдарға соққы беруі ықтимал.
Екіншісі, Назарбаевтың адамдары. Отбасы мүшелерін қоса алғанда. Бұл нұсқаны билік те белсенді түрде қолдады.
Үшіншісі, атқарушы биліктің деңгейіндегі адамдар. Олар журналистерге қысым көрсетіп, осындай әдісті қолданғысы келді. Үлкен дүмпу туған соң, біреулерге жабуға ұмтылған.
Бұл үш нұсқа да өзектілігін жоғалтқан жоқ тәрізді. Өйткені, басты тапсырыс берушіні әлі ешкім көрсеткен жоқ. Көрсеткендері – тек қана орындаушылар. Бәрі тергеудің әрі қарай қалай өрбитініне байланысты. Сонда қандай нұсқаның шындыққа жақын екені айқындала түседі.
Ұсталған адамдарды тапсырыс беруші ретінде көрсететін болса (бұған зәбір көрген журналистерді өзі де нанып отырған жоқ), онда билік бірдеңені жасыруға ұмтылғаны. Шынайы тапсырыс берушіні – ол ресейдің арнайы қызметі ме, Назарбаевтың адамдары ма, биліктің өз ішіндегі адам ба, кім болса да, атын құпия ұстауға бекінгені.
Қазір болып жатқан нәрсе – биліктің шабуылға қатысты дүрбелеңге деген реакциясы ғана. Әйтеуір бірдеңе істеу керек болды. Әсіресе, сайлау қарсаңында. Бірақ бұл шабуылдардан соң туындаған сауалдарға әлі жауап табылмай отыр.
«Қазақстанда «бесінші колонна» әрекет етуде»
– Кейбір бұқаралық ақпарат көздері мен саяси жауырыншылардың пікірінше, ескі Қазақстанның өкілдері Ресеймен байланысты құрылымдардың төңірегіне топтаса бастаған. Мәселен, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ ҰҚШҰ төрағасы болса, Бақытжан САҒЫНТАЕВ – Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі, ал Дәурен АБАЕВ – ТМД-ның экономикалық кеңесі жанындағы бір комиссияның өкілі. Осыны меңзеп, «ескі Қазақстанның өкілдерінің штабы Мәскеуде орнасып жатыр» дегенді айтады. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Сонау 2014 жылы бұл жайында дабыл қаққан болатынмын. Қазақстанда «бесінші колонна» бар. Жақсы әрекет етіп жатыр. Олар биліктің де, күштік құрылымдардың да ішінде. Бұл – Назарбаевтың дәуірінің кезі. Өйткені, дәл осы Назарбаев Қазақстанды Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа айдап кіргізді. Қазақстанды Ресейге қосақтап байлаған да – соның өзі. Отбасының кейбір мүшелері Ресейдің саяси-бизнес элитасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді.
Назарбаевтың төңірігіндегі адамдар билігінен толық айырылғысы келмейді. Оның үстіне, болашақта өзінің саяси ойынын бастауды көздейді. Және сыртқы күштерге арқа сүйейтінін де жоққа шығармаймын.
Тоқаевтың тұсында да «бесінші колонна» әлсіреген жоқ. Тоқаевтың өзі де Ресеймен тығыз қатынас орнатуға талпынып жатыр. Иманғали Тасмағамбетовті қазіргі қызметіне ұсынған кім? Әйтеуір, Назарбаев емес. Бұл тағайындау Ақорда, Тоқаев арқылы мақұлданды. Тоқаев ол жерде Бас хатшы болып бұл адамның отырғанына мүдделік білдірді.
Мұның өзі Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп жатыр. ҰҚШҰ-ның өз ішінде түрлі жанжалдар бар. Тек Қазақстанның ғана басқа елдермен бас араздығы жоқ. Қалған елдердің бәрі де жанжалдың түрлі сатысында тұр.
Ресей Украинамен соғысып жатыр. Беларусь толық Ресейдің жағына шықты. Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекара дауы қарулы қақтығыстарға ұласып жатыр. Армения мен Әзербайжан арасында дүрдараздық бар.
Дәл осындай сәтте Қазақстанның ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа қатысуы ұлттық мүдде тұрғысынан ешқандай қисынға келмейді. Әрине, бізді осы ұйымдарда қалдыруының себебі – Тоқаевтың Путинмен араздасқысы келмейтіні. «Бесінші колоннадан» тазартып, ел ішінде батыл қадам жасамауы да содан.
Бірінші кезекте күштік құрылымдар тұр. 2014 жылы Украина тәжірибесі көрсетіп бергендей, ұлттық қауіпсіздік үшін басты қатер осы жерден шығады.
– Транзиттен кейін үлкен өзгерістердің болмауы сыры да осыдан ба?
– Билікке Тоқаев келгенімен, «ұжымдық Назарбаев» ешқайда кеткен жоқ. Мұны парламенттен де, бұрынғы депутаттардан да, қазір парламентке келгісі келетіндерден де, әкімдердің арасынан да, ұлттық компаниялардан да көріп отырмыз. Мұның бәрі де – Назарбаев жүйесінен шыққан адамдар. «Бесінші колонна» туралы айтқанда, Назарбаевтың кезінде де, Тоқаевтың тұсында да ештеңе өзгермегенін ескеру қажет.
Сондықтан мен мұны тек қана элитаның белгілі бір мүшелерімен байланыстырып қарамас едім. Назарбаевтың дәуірінде Қазақстан билігінің барлық құрылымдары Ресеймен байланысты болса, қазір де әлі жалғасып келеді. Экономика саласында бұл айқын көрінеді. Тоқаевтың тұсында ресейлік компаниялар, ресейлік бизнес белсенді түрде белгілі бір тетіктерге ие болды. Іс жүзінде егемендігімізден айырылып жатырмыз.
Жақында мынадай бір қызық ақпарат шықты: Украинада соғыс басталған соң Ресей мен Беларусьтің 5 000-ға жуық жүк көлігі қазақстандық тіркеуге ие болған. Олар Еуропадан немесе Еуропаға тауар тасу үшін қазақстандық квоталарға ие болып жатыр. Қазақстандық тасымалдаушылар далада қалды.
Бұл – біздің нарықтың 70 пайызы. Меніңше, бұл – саботаж. Тіпті, мемлекетке сатқындық. Олардың, яғни ресейлік инвесторлар мен бизнесмендердің мүддесіне бізде біреулер лобби жасап жүр. Бұл да «бесінші колоннаның» ісі. Ресейліктер үшін барлық сала бойынша Қазақстан тым ашық-шашық жатыр.
«Ақша көп болса, қауіптің көлемі де үлкен болады»
– «Реваншистер» туралы жиі сөз қозғалады. Олардың ықпалы қаншалықты күшті?
– Өте күшті. Рас, біразын кетірді. Активтерін жоғалтып жатыр. Бірақ олар құрған пирамида мызғымай тұр. Адамдары да орнында. Билікте де, аймақтарда да, ұлттық компанияларда да, квазимемлекеттік құрылымдарда да солай. Бұл адамдардың қалтасы қалың.
Қаңтар оқиғасынан кейін бір жазба жазғаным бар. Ең алдымен офшорларды түгендеу керек еді. Арада бір жыл өтті. Ешқандай іліп аларлық ілгерілеу жоқ. Қазір заң қабылдап, активтерді, капиталдарды қайтаруға ұмтылуда. Бірақ олар бір жыл ішінде бәрін басқа адамдардың атына жазып, меншік иелерін «өзгертіп» үлгереді.
– Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстан арасында қақтығыс туындау қаупі бар ма?
– Ақша көп болса, қауіптің көлемі де үлкен болады. Хакерлерлерден бастап, жалдамалы жендеттерді, арандатушы диверсанттарға дейін кез келген адамды жалдауға болады. Сондықтан реванш қаупі бар.
Екінші жағынан, Тоқаев назарбаевшыл адамдардың көбін билікте қалдырған кезде реванш дегеніне жетті деп те айтуға болады. Мұның өзі ескі Қазақстанның жеңісі. Бір ғана Ермұхамет ЕРТІСБАЕВТЫҢ өзі неге тұрады!
Яғни, бір жағынан шынай реванш қаупі бар. Олардың біразы шетелде тұрып жатыр. Мұның өзі де – үлкен қателік. Тоқаевтың өзі де жас емес. Биыл 70-ке келеді. Денсаулығы да – беймәлім фактор. Оған бірдеңе бола қалса, бұл адамдар елге оралуға ұмтылады. Тікелей немесе қолбала саясаткерлер, фейк құрылымдар арқылы. Бұған Грузияның мысалын келтіре аламын. Саакашвили биліктен кеткен кезде, ол аянбай күрескен Ресеймен және ескі элитамен тығыз байланысы бар олигархтар қайта келді.
Әрине, Тоқаев Саакашвили емес. Айтқым келгені, реванш барлық жүйеде бола береді. Демократиялық жүйеде де, автократиялық жүйеде де. Ал авторитарлық жүйеде мүмкіндік еселеп өсе түседі. Өйткені, бұл адамдардың «бесінші колоннасы» бар. Ақшасы бар. Кейбірінің мықты амбициясы да болуы ықтимал. Олар соққы беруі үшін ұрымтал сәтті күтеді немесе үшінші күшті пайдалануы ықтимал. Мәселен, Ресейді.
– Әңгімеңізге рахмет!