Донор болуға келісесіз бе?
Еліміздің медицинасында трансплантация жасау ісінің қолға алынғанына 40 жылдай уақыт. Әуелгіде бүйрек ауруына шалдыққан науқастардың ағзасы ауыстырылса, кейінгі жылдары бауыр мен жүректі орналастыру отасы сәтті жасалып жүр. Тіпті, бұл салада тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары дәрігерлер де аз емес. Алайда, біздің қоғам «донор» мәселесіне қалай қарайды? Екінші адамға өмір сыйлауға дайын ба?
Кезек күткен науқас көп, бірақ донор жоқ
Егер алда-жалда өмір көшінен озсаңыз, жылдар бойы донор күткен сырқатқа ағзаңызды берер ме едіңіз? Осы сауалды кез келген адамға қойсаңыз, бірден жауап беруге тосылады. Себебі, «Алладан қалай келдім, солай оралуым керек» деген пікір санаға сіңіп қалған. Әзірге осы сеңді бұзу мүмкін болмай тұр. Дәрігерлердің өзі де жақында жыл сайын кезекте тұрған 100 адамның донор ағзасын күтіп, көз жұматынын айтты. Ал бұдан бұрын біз күту парағына 3128 адамның тіркелгенін, оның ішінде бүйрек алмастыру тізімінде 2706 адам болса, оның 69-ы балалар екенін хабарладық. Сондай-ақ, бауыр кезегінде – 295 адам, оның алтауы – бала, жүрек алмастыру тізіміндегі 120 адамның 13-і бала. Және 7 адам өпке ағзасын алмастыру парағына тіркелген. Осыншама адам сары уайымға салынып, донордан бұрын ажал күтіп отыр деген сөз. НЕГЕ? Өйткені, бізде мәйіт трансплантациясы дамыған жоқ. Донор табу – қиынның қиыны. Мамандардың айтуынша, керісінше, көрсеткіш жылдан-жылға түсіп жатқан көрінеді.
Осыдан 7-8 жылдай бұрын А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басшылығы мәйіт трансплантациясы санын көбейтуге байланысты бірқатар шараларды қолға алған. Сол кезде арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша, халықтың 60 пайызы ағза трансплантациясына ерекше қолдау білдірген. Шын мәнінде, халықтың 60 пайызы қарсы болмаса, одан бері донор күткен қаншама адам еңсесін езген шарасыздықтан құтылар ма еді, кім білсін? Көңілі қам жандар таңның атуы мен күннің батуын ғана тілеп жүр. Ал мұндай отаны шетелде жасату қып-қызыл ақша. Демек, ауру адамға «өмір сыйлаудың» бірден бір жолы – мәйіт донорлығы. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растау ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 11 тамыздағы № 622 бұйрығына енгізілген өзгерісте мәйіттен алынатын дене мүшелері туралы нақты жазылған. Осы бұйрықта мидың өлімі анықталғаннан кейін, қайтыс болған адам тірі кезінде дене мүшесін алуға жазбаша қолхат қалдырмаған жағдайда, оның туған туыстарынан немесе заңды өкілінен келісім сұралатыны, алты сағаттың ішінде жауап берілмесе, донордың дене мүшесін алуға рұқсат берілетіні жазылған. Алайда біздің елде күні бүгінге дейін мәйіттің дене мүшесі рұқсатпен алынған емес. Бұлай жасауға халқымыздың түсінігі мен көзқарасы, ұстанымы мен мәдениеті келе бермейді. Ал Кеңес одағының құрамында болған елдердің ішінде Беларусьте ғана мәйіт донорлығы дамып келеді. Бұл елде нақты диагноз қойылғаннан кейін дәрігерлер ешкімнен рұқсат сұрамай, мәйіттің дене мүшелерін медициналық мақсатта пайдалана береді.
Мәселен, медицина ғылымының докторы, профессор Манас Сейсембаевтың айтуынша, 2005 жылы қабылданған «Трансплантация туралы» заңымыздың кейбір баптарында шикілік бар.
«Бұл заңға ішінара өзгерістер енгізуіміз керек. Мысалы, бұл мәселе шетелде заң шеңберінде реттелген. Егер онда бір адам оқыс оқиғадан немесе көлік апатынан қайтыс болса, туыстарының рұқсатымен әлгі адамның жарамды ағзаларын алып, қажет етіп отырған науқасқа салады. Тіпті АҚШ-та шопырлардың жүргізуші куәлігінде өзгеге мүшесін беруі немесе бермеуі туралы мәлімет көрсетіліп тұрады. Меніңше, бұған үрке қараудың керегі жоқ. Араб елдерінің өзінде қайтыс болған адамның туыстары келісіп жатса, оның ағзалары пайдаға жаратылады. Ағзаны о дүниеге алып кеткенше, өзгенің өмірін арашалап қалған әлдеқайда тиімді. Егер әр адамның келісімі болса немесе адам дүниеден өткеннен кейін туыстарының рұқсаты бойынша оның органын алып, ағзаға мәжбүр болып отырған науқасқа салсақ, онда тұрған не бар?! Қайта бұл сауапты іс емес пе?! Бұған ислам діні қарсылық білдірмейді. Бұл жерде басты мәселе адамдардың түсініспеушілігінен болып отыр. Әйтпесе Отанымызда отаның осы түрін жеткілікті деңгейде жасайтын уақыт әлдеқашан жетті. Бірақ ол үшін, ең бірінші, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек», – дейді.
«16 мың долларға ота жасаттым»
Ермұрат биыл сәуірде бүйрегі ауырып, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына түседі. Ауруы асқынғанда бір-ақ білген ол бірден диализ қабылдайды. Содан донор іздей бастаған Ермұрат аз уақыттың ішінде керекті адамды интернеттен тапқан.
«А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына барып, анализ тапсырдық. Дәрігерлер: «50 пайызға дейін сәйкестік бар. Бірақ біз туыстық донор болмаса, ота жасамаймыз» деді. Екі ағам да өмірден өткен, қарындасым жаңа босанған еді. Одан мәйіттік донор кезегіне тұрайын десем, «тізімде 3 мың адам бар. Былтыр бір адамға ғана жасадық. Кезегің қашан келетіні де белгісіз» деген соң, Түркияға бардым. Бүйректі қаншаға сатып алғанымды айтпай-ақ қояйын, ал отаны 6 млн теңгеге (16 мың АҚШ доллары) жасаттым. Өзім қарапайым отбасынан шыққанмын. Ағайын-туыс, ауылым, тамыр-таныстың бәрі көмектесті. Техникамды, қаланың ортасындағы жерімді саттым. Маған жергілікті дәрігерлер жақсы қарады. Медициналық құрал-жабдықтары да заманауи. Қазір денсаулығым жақсы. Апта сайын анализ тапсырамын. Шүкір, нәтижесі жақсы шығып жатыр. 2 жылға дейін күтім мен диета сақтаймын және 6 айға дейін дәрі ішуім керек. Одан бөлек екі дәріні өмір бойы қабылдауым қажет. Негізі осы тұрғылықты жерімнің учаскелік дәрігері келіп, кейбір дәрі-дәрмекті тегін беруі тиіс екен. Әзірге ешкім қозғалған жоқ. Түркиядан үш айға ішетін дәріні 1500 долларға сатып алдым. Енді үш айға алуым керек», – дейді Ермұрат.
Трансплантацияны жүзеге асыру үшін донордан алынатын бүйрек – 24 сағатқа, ал жүрек – 6 сағатқа дейін жарамды. Өлгеннен кейін донор болу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша өз емханаңызға өтініш жазу керек. Халық арасында ағза беруге дін қарсы деген тұжырым бар. Бірақ соңғы жылдары діни қауымдастық бұл мәселені біраз жеңілдетіп, адам үшін пайдалы дүние ретінде қарастырып жүр.
Қалай десек те, қоғам мәйіт трансплантациясына дайын емес. «Қарапайым халық «бұл мәселе маған қатысты емес» деген ой түйеді. Мамандар бұл мәселеге қоғамның бетін бері қарату үшін қолдан келгенін жасап жатса да, бұған қарсылар көп. Трансплантация жасаудың артында қаншама адамның өмірі, тағдыры жатқанын әсте ұмытпау керек. Әсіресе, өмірдің қызығын сезіне қоймаған балаларға өмір сыйлау – адамзаттық борыш емес пе?! Тәжiрибе көрсеткендей, ағзасына трансплантация жасатқан адам 20 жылдан астам уақыт өмiр сүредi екен.
Осыдан екі жыл бұрын еліміздің бас трансплантологы Жақсылық Досқалиев донор болуға дайын екенін айтты. «Адамның ағзасы көліктің қажетті бөлшектері сияқты емес. Егіздердің де ағзалары бір-біріне сай келмей жатады. Мен құжатқа қол қойдым. Мен бүгін өлсем де, ағзамды беремін. Өзімнің емханама барып, сол жерде құжатымды толтырдым», – десе, жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «Мен бұл туралы ойланып жүрдім және жақын арада өлімнен кейінгі донорлыққа келісім беретінім туралы құжатқа қол қоямын» деген-ді. Бүкіл қоғам дәл осындай көзқарас танытпайынша, әзірге сең қозғалмайтыны анық.
Руслан Мамытов, дінтанушы:
– Ғұламалар өмірлік мәселені үшке бөледі. Бірінші, иман келтіру, ораза ұстау, тағы басқа уақытқа байланбайтын дүние. Қай жерде адам өзін мұсылман санаса, бұл соған парыз болып есептеледі. Екінші, адамның адамгершілік, тәрбиелік жағы. Сіз кім болсаңыз да, қоғам заңдылықтарын орындайсыз. Үшінші мәселе, адам тәжірибесін қажет ету. Біз ұшақ, көлік құрастыруды үйрендік, жол ережелерін енгіздік. Бәрі адамның өмір тәжірибесінің жемісі. Мысалы, 100 жыл бұрын трансплантация болмады. Бұл да адамзаттың жетістігі. Ал ағзаны қайдан аламыз? Исламда бұл адамның рұқсатымен жүзеге асуы тиіс. Егер адам аяқасты апатқа ұшыраса, оның ағзасы сау болса, науқасқа тек туыстарының рұқсатымен беріледі. Бірақ бұл істің ілгерілеуі үшін үгіт-насихат шараларын жүргізу керек. Бір-екі рет емес, үнемі айтылуы тиіс. Тіпті, кезінде УЗИ харам дейтіндер болды. Неге? Егер ол қондырғы баланың жағдайын, денсаулығуын анықтап берсе, ешқандай мәселе жоқ қой. Мұсылман өлімді көп ойлап, оған дайындалып жүру керек. Жалпы, көп адам өлімге асықпайды. Бәріміз ұзақ өмір сүргіміз келеді.
Динара Мыңжасар