Дональд Трамп Wall Street Journal басылымын сотқа беріп, 10 млрд доллар талап етті
АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Wall Street Journal газеті мен оның иесі Руперт Мердокқа, сондай-ақ мақаланың авторларына қарсы жала жабу дерегі бойынша сотқа арыз түсірді. Бұл туралы CNBC хабарлады.
АЛМАТЫ, NEGE. Трамптың заңгерлері 18 беттен тұратын шағымда басылымды және оның бас компаниясы News Corp-ты “журналистік этика мен ақпараттың шынайылығы стандарттарын өрескел бұзды” деп айыптап отыр.
Арызда жауапкер ретінде:
- медиамагнат Руперт Мердок,
- WSJ бас редакторы Роберт Томпсон,
- мақала авторлары және
- басылымның өзі көрсетілген.
Трамп кем дегенде 10 миллиард доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр.
Сотқа арыздың негізі — WSJ мақаласында келтірілген 2003 жылы Джеффри Эпштейннің 50 жас мерейтойына арналған хаттар жинағы туралы ақпарат. Материалда Трамптың аты-жөні мен жалаңаш әйелдің бейнесі салынған хат жайлы айтылған. Алайда хаттың немесе суреттің өзі жарияланбаған.
— Бұл хаттың немесе суреттің шын мәнінде болмағанын авторлар білген, – делінген Трамптың сот құжатында.
Бұған дейін Трамп WSJ басылымын сотқа беретінін мәлімдеп, Эпштейн ісіне қатысты кейбір материалдарды жариялауды талап еткен болатын.
Еске сала кетейік, миллиардер Джеффри Эпштейн 2019 жылы кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау ісі бойынша қамауға алынғаннан кейін түрмеде көз жұмды. Ресми мәлімет бойынша, ол өзіне қол жұмсаған, алайда кей сарапшылар мен Трамптың жақтастары оның өлтірілген болуы мүмкін екенін алға тартуда.