Доллар бағамы қайта өсті: теңге неге әлсіреді?

Қазақстанда доллар бағамы қайта өсті. 5 қазанда KASE-дегі сауда қорытындысы бойынша америкалық валютаның орташа сараланған бағамы 455,36 теңгені құрады.

magnific.com

Астана, NEGE. Қыркүйектің соңында доллар 439,5 теңгеге дейін төмендеген болатын. Ал бүгін Ұлттық банк доллардың ресми бағамын 454,98 теңге деңгейінде белгіледі.

Қаржы нарығының сарапшысы Андрей Чеботарев теңгенің қазіргі әлсіреуін әзірге тұрақты төмендеу үрдісі ретінде бағаламайды. Оның пікірінше, бұл – теңге қатарынан бірнеше рет нығаюынан кейінгі нарықтық түзету болуы мүмкін.

«Алдағы уақытта бағамның бағыты мұнай бағасына, әлемдік нарықтағы доллар динамикасына және теңгедегі активтерге деген сұранысқа байланысты болады. Өткен аптадағы теңгенің әлсіреуі әзірге оның бірқатар нығаюынан кейінгі техникалық түзетуге көбірек ұқсайды. Сонымен бірге мұнай бағасы әлі де салыстырмалы түрде жоғары, ал теңге бір ай және бір жыл бұрынғы деңгейлермен салыстырғанда әлі де мықты позицияда», – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.

Өткен аптада теңге 1,3%-ға әлсіреген болатын. Бұл кезеңде валюта нарығындағы операциялардың көлемі де 18,5%-ға қысқарған. Чеботарев теңгенің әлсіреуіне әлемдік нарықтағы доллардың нығаюы мен мұнай бағасының төмендеуін негізгі факторлардың бірі ретінде атап өтті.