«Діндарларды қорлады»: Баян Алагөзова дін туралы айтқан пікірі үшін кешірім сұрады

Продюсер Баян Алагөзова бұған дейін Threads желісінде «дін мен оның насихатынан шаршағанын» айтып, өткір сынға ұшыраған еді. Оның жұмақ пен тозаққа сенбейтіні, «72 хор қызына» қатысты пікірі қызу талқыланды.

instagram.com/bayanmaxatkyzy

Астана, NEGE. Бүгін, 8 тамызда продюсер Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялап, өзге адамға зияны тимесе, әр адамға және әр дінге құрметпен қарайтынын мәлімдеп, діндарлардан кешірім сұрады.

«Діни фанатизм тақырыбындағы жазбам қоғамымызда үлкен пікірталас тудырғаны соншалық, оның жалғасын жазуға тура келетін сияқты. Менің сөздерім діндар жандарға ауыр тиген болса, шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.

Баян Алагөзова «діндарлардың сезімін қорлады» деп айыптаған жандарға жазбаны мұқият оқуға кеңес беріп, діннің өзіне емес, халыққа жат догмаларды таңуға, радикалды әрі фанатикалық үгіт-насихатқа қарсы екенін айтады.

«Аналитикалық ойлау қабілеті бар кез келген адам сыртқы ықпалға соқыр түрде ерудің ақыры неге әкелетінін түсінеді. Сіз қыз балалардың тоғыз жасынан бастап тұрмысқа берілуін қалайсыз ба? Оларға білім алуға немесе медициналық көмекке жүгінуге тыйым салынғанын қалайсыз ба? «Шайтанның ықпалынан сақтандыру» деген желеумен оларды ұрып-соғуға жол берілгенін қалайсыз ба?

... Қызыңыздың немесе қарындасыңыздың жеке тұлға ретінде емес, біреуге ғана телінген «қосымша» ретінде қарастырылғанын қалайсыз ба? Оның біреудің рұқсатынсыз қоғам алдына шыға алмағанын немесе өз ойын еркін айта алмағанын қалайсыз ба? Тіпті өзін және балаларын қарапайым түрде қорғай алмайтын күйге түскенін қалайсыз ба? Мен бұған мүлде қарсымын» – дейді Алагөзова.

Бұл ретте продюсер әрдайым ұлттық мәдени код пен дәстүрді бәрінен биік қоятынын, зайырлылықты қолдайтынын алға тартады.