Директор дәретхананың кілтін қалтасына салып алған
Балалар құқын қорғау жөніндегі сарапшылар тобы еліміздегі бірқатар мектептерден заң бұзушылықтар тапты. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі жазды.
Алматы, NEGE. «Біз 220 ауыл-аймақтағы 1300 мекемені тексердік. Интернаттарда балалардың масқара жағдайда оқып жатқанының куәсі болдық.
Мәселен, Алматы облысындағы жүздеген дарынды бала оқитын интернатта балалар түнде даладағы дәретханаға баруға мәжбүр. Дәретхананың есігі қысы-жазы жабылмайды. Ал Түркістандағы интернаттардың бірінің асханасында тарақан қаптап жүр. Бұл жерге санэпидемстанса аяқ баспаған. Ауладағы дәретхана мектептен 300 метр қашықтықта. Бұл интернатта 400 бала оқиды. Олар күні-түні даладағы дәретханаға баруға мәжбүр. Бүкіл интернатта тек бір ғана қолжуғыш бар. Мектеп ішінде дәретхана болғанымен, ол құлыптаулы. Кілтін директор қалтасына салып алған» дейді Кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева.
Сарапшылар тобы көзімен көрген жайттың бәрін Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетовке хабарлаған. Министр барлық құжатты министрлік жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетке өткізуді сұрап, тиісті органдарға тапсырма берді.