«ДиНаЗаур» жаңа комедиялық сериалы тұсауын кеседі
Кейінгі кезде телеарналар телехикаялар мен комедиялық сериалдар түсіруді қолға ала бастады. Таяуда «Алматы» телеарнасы «Өткінші жаңбыр» телехикаясының тұсауын кессе, енді комедиялық жанрда «ДиНаЗаур» сериалын көрермен назарына ұсынбақ.
Алматы, NEGE. Бұл Динара, Назым және Зауре есімді үш құрбы жайындағы ситком. Олардың оқиғасы бала кезден басталады. Ауладағы балалар оларды «DiNaZaur» деп мазақтайды. Үш құрбы мұны тоқтатуға шешім қабылдап, бұзақыларды жазалайды. Содан кейін бір-бірін ренжітпеуге серт береді. Уақыт өте келе қыздардың достығы нығая түседі.
Динара – үш баласы бар тұрмыстағы келіншек. Күнделікті күйбең тіршілік пен үй шаруасынан өзіне көңіл бөлетін уақыты жоқ. Өміріндегі қиындықтарға қарамастан, ол өз өміріне шағымданбайды, керісінше бақытты. Өйткені өмірдегі ең қымбат дүние отбасы деп түсінеді. Динараның рөлінде ойнайтын актриса Жанаргүл Жаныаманова: «Бала-шағамен үйде отырған, күнделікті үйдің шаруасынан шаршаған әйелдің образын сомдаймын. Күйеуі таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Күйеуінің назарын аудару үшін неше түрлі қылықты ойлап табады. Үш баламен отыруы менің өміріме ұқсас. Бірақ басқа сериалдағы рөлдеріме еш ұқсамайды. Сол үшін де маған қызық болды. Қандай сын, қандай пікір айтылады екен деп күтіп жүрмін. Тіпті, қобалжып жүрмін десем болады» дейді.
Ал Назым – бір ұлы бар жалғызбасты ана. Ерлер қауымына әбден көңілі қалған. Өзі ресторатор қызметін атқарады. Назымның рөлін сомдаған актриса: «Маған менің кейіпкерімінің еркіндігі жақын. Рухы мықты, қиыншылықтан қорықпайтын және тік мінезділігі де бар» деді.
Үшінші кейіпкер Зәуренің арманы – «ақ боз атты ханзаданы» кездестіргісі келеді. Жолында түрлі жігіттер жолығады, бірақ ешқайсысы көңілінен шықпайды. Құрбылары бұл мәселені өз қолына алып, көмектесуге шешім қабылдайды. Актриса Ұлболсын Шалқарова: «Телехикаяда Зәуре есімді аруды ойнаймын. Менің кейіпкерім, өте ашық, тезірек тұрмыс құрғысы келеді. Өз жолында ол түрлі жігіттерді кездестіреді, алайда барлығынан көңілі қалады. Туынды өте қызықты шыққан деп ойлаймын» деді.
Динара күйеуі туралы барлық шындықты біле ме? Назым күйеуіне оралып, толыққанды отбасын қайта құра ала ма? Әйелдер достығы қаншалықты мықты? «DiNaZaur» телехикаясы нақты өмірге негізделген қарым-қатынас, отбасылық құндылық, тәрбие және шынайы әйелдер достығы туралы әңгімелейді. «DiNaZaur» комедиялық телесериалды 14 желтоқсаннан бастап сағат 20:40 «Алматы» телеарнасынан көріңіз.