Димаштың әріптестері НЕГЕ өмірден түңіле бастады?
Нью-Йорк полиция департаментінде қызмет ететін жерлесіміз Димаш Ниязовтың әріптестері, полицейлер жаппай өздеріне қол салып, өмірмен қоштаса бастады. Департамент биыл 10 полицейді жерлеп отыр. Мұны «бұрын бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш» деп жазады
TIME басылымы.
Алматы, NEGE. Нью-Йоркте атыс-шабыс салдарынан немесе қызметін атқару кезінде көз жұмған полицейлерден гөрі, өзіне-өзі қол салған тәртіп сақшыларының саны анағұрлым көп. Жақында Квинс Фреш Медоуз ауданында 33 жастағы офицердің денесін әйелі тауып алды. Ол өз тапаншамен атылып қалған. Полицейлердің көбісі өмірден өту үшін штаттық қаруын қолданады екен.
NYPD комиссары Джеймс О'Нил CBSге берген сұхбатында бұл жағдайды «психикалық саулық дағдарысы» деп бағалаған. Оның айтуынша, полицейлер психологиялық жағынан дайын емес, қылмыс орнына бірінші жеткеннен кейін түрлі сұмдықтардың куәсі болады, қылмыскерлердің сотта ақталып, бостандыққа шыққанын көреді, соның барлығы жүйкеге ауыр соққы.
Естеріңізде болса, Нью-Йорк полиция департаментінде біздің жерлесіміз Димаш Ниязов та қызмет етеді. Ол 2017 жылы үздік полицей атағын жеңіп алған болатын. Бір жағынан кәсіби боксшы Димаш жақында отау құрған.
Nege.kz порталының Нью-Йорктегі тілшісі алдағы уақытта осы оқиғаға қатысты Димаш Ниязовтың пікірін білуге тырысады.