Димаш Мәскеуде концерт өткізбек

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Мәскеуде екінші кешін ұйымдастырады.

Алматы, NEGE. Димаш Құдайберген  2020 жылдың 9 наурызында өтетін кезекті концертіне дайындық жұмыстарын бастауды қолға алды. Бұл туралы әнші инстаграм желісіндегі парақшасында хабарлады. «Құрметті достар! Мәскеудегі «Мегаспорт» аренасында өтетін концертіме шақырамын. Көңілді, креатив әрі сезімге толы концерт болады! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесінде Мәскеуде өтетін шоуымда күтемін!», – деп жазды әнші.

Айта кетейік, әнші  желтоқсанның 10 жұлдызында Нью-Йорктегі «Barclays Center» аренасында «Arnau tour ENVOY» атты  шоу мен тосын сыйға толы кешін өткізеді. Әлемді өнерімен тамсандырған әншінің концертіне билеттер 13 қыркүйекте сатыла бастады. Небәрі 1,5 ай ішінде Димаштың жанкүйерлері билетті уақытысынан бұрын сатып алған болатын.  

Концертті тамашалауға келетін көрермендердің 75 пайызын – америкалықтар құрап отыр. Бұл – кеш иесінің әртүрлі ұлт пен ұлыстардың жүрегінен ерекше орын алғанының жарқын көрінісі. Өнерсүйер қауымның Димаштың өнеріне деген қошеметі қашанда ерек. Әлем таныған Димаштың Лондонда өткен концертінде де бос орын болмаған еді. Нью-Йорк сахнасында өтетін шоудың көрермендеріне Димаш қазақтың әнін шырқап, еліміздің мәдениетін көтеріп, абыройын асқақтататын болады. Сонымен қатар  қазақ әнінен бөлек, ағылшын, орыс пен қытай тілінде жаңа және ескі хиттерді орындамақ. Желтоқсан айында өтетін шоудың бағдарламасы мен әншінің ерекше үлгідегі сахналық образдарын қазақстандық дизайнерлер мен арнайы жас мамандар тобы дайындап қойған.

Қазақстандық талантты азаматтардың ортақ жұмысы – «Arnau tour ENVOY» бағдарламасын егжей-тегжейлі ойластырылуына ықпал еткен. Музыкалық сүйемелдеу, тақырыптық фотосессия, аңдатпа дизайны, бимен сүйемелдеу және тағы басқа. Жасалған жұмыстың нәтижесін көрермендер 2019 жылдың желтоқсанында көре алады.

«Arnau tour ENVOY» кеші – 2019 жылдың жазында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ARNAU» концертінің жаңарған нұсқасы. Жаңа бағдарламада жаңа ән, жаңа нөмірлер ұсынылмақ.  Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен ресейлік әнші, композитор Игорь Крутойдың мерейтойлық концертінде өнер көрсеткен болатын.

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты