Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының милфа туралы бейнебаяны желіде дауға қалды

Танымал әнші Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының Milfa әніне түсірген бейнебаяны жарыққа шығар-шықпастан желі қолданушыларының қатаң сынына ұшырады.

Бейнебаяннан үзінді

Астана, NEGE. Бейнебаянда Дильназ Ахмадиева мұғалімнің, ал «Азия» тобының мүшелері оқушылардың образында түскен. Желі қолданушыларының кейбірі әнді әзіл-қалжыңға балағанымен, кейбірі ән мәтініндегі «Қайдағы тәте, тәте деген – қате, хотя бы "милфа" де» деген жолдар мен бейнебаяндағы мұғалім образын жақтыра қоймаған. 

«Мұғалімнің образын сексуализациялауды қашан қояды?».

«Басқа образ табуға болмай ма? Мұғалімдерді мазақ етпеген сендер қалған едіңдер!».

«Өнер адамдары милфаның мағынасын білмейді екен. Ұят».

«Оқушылар мұғалімдерін енді "милфа" дейтін болды ғой».

«Неге жыл өткен сайын өнер адамдары көбірек көңіл қалдыра береді?», – деп пікір білдірген желі қолданушылары.

Желідегі сыннан кейін «Азия» тобының мүшелері мұғалімдер қауымынан кешірім сұрады.

«Біздің мақсатымыз – шығармашылық, ешкімді ренжіту немесе құрметсіздік таныту емес. Егер жұмысымыз біреудің көңіліне тисе, кешірім сұраймыз», – деді топ әншілері.

Олардың түсіндіруінше, бұл клип америкалық әнші Бритни Спирстің бейнебаянына пародия ретінде түсірілген. Сондай-ақ олар клиптегі актерлердің барлығы кәсіби мамандар екенін алға тартты.

Ал Алматы қаласының білім басқармасы түсірілім өткен Алматыдағы колледж басшылығына қатысты тәртіптік шара қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеді.