14 июня 2024 г. 13:19

«Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергеннің ісі неге ұзаққа созылды?

Фото: ғаламтордан

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина «Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге қатысты сот шешімі неге ұзаққа созылып жатқанын түсіндірді. 

Алматы, NEGE. Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер Назгүл Рахметуллинадан Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеновтің ісі неге ұзаққа созылып кеткенін сұрады.

«Мен ол іспен таныс емеспін және оған қол жеткізе алмаймын. Өйткені іс басқа инстанцияда қаралып жатыр. Сот өндірісіндегі істердің бәрі, алғашқы не апелляциялық инстанциядағы іс болса да, не болып жатқаны туралы бізге есеп бермейді. Әр инстанция өз қызметін тәуелсіз жүргізеді. Менің білуімше, иә, сіз айтып отырған істің өндірісі әлі аяқталмаған. Аяқталған сәтте, әрине, ақпарат болады. Яғни, сот тергеу жүріп жатыр деген сөз. Кейбір істер бір эпизодтан ғана тұрады. Бір ғана жәбірленуші мен жалғыз куәгер болса, бірнеше отырыстан кейін істі аяқтауға болады. Ал, кейбір істерде 50 сотталушы, 250 жәбірленуші болады. Қылмыстық істің материалы орасан болса, сот оның бәрін толықтай зерттеуге міндетті. Сондықтан мен бұл істің нақты қашан аяқталатынын айта алмаймын», - деді Жоғарғы сот өкілі.