20 августа 2020 г. 14:43

ІІМ: Жұмагелдиев іздеуде жоқ

Фото:

«Дикий» деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиев соңғы кезде әлеуметтік желіде белсеніп жүр. Карантин кезінде Қазақстанға шетелден дәрі-дәрмек жіберіп, Алматы облысының Кербұлақ ауданы әкімінің «Алғыс хатын» алғаны тағы бар. Рас, кейіннен аудан әкімі «хатқа қол қойғаным жоқ» деп ақталып әлек болды. Өзіңіз байқағандай, қазір «Дикийдің» атынан ат үркеді. 

Қазақстанда қандай да бір мәселе бола қалса, артынша Арман Жұмагелдиев ой білдіріп, желіге видео немесе жазба қалдырады. Ол тіпті мемлекеттік саясатқа  араласуға да кетәрі еместей көрінеді. Сөз ауанынан осыны байқағандай болдық. 

Одан жәрдем дәметкен жұрт аз емес. Редакцияға хабарласып, А.Жұмагелдиевтің жеке нөмірін сұрап жатқандар да бар. Арман Жұмагелдиев Қазақстанға неге оралмайды?

Ақпан айында Инстаграмда тікелей эфирде отырған Арман Жұмагелдиевке оқырмандарының бірі «Қазақстанға қашан келесіз?» деп сұрақ қойды. Ол былай деп жауап берді:

«Алла Қаласа келеміз. Қазір Қазақстанға бара алмаймыз. Келсек әуежайдан шығармай, түрмеге қамап қояды. Амал жоғынан Стамбұлда жүргенімізге 3 жыл болды».

 

«Дикий» кімнен қашып жүр?

Nege.kz порталы А.Жұмагелдиевтің ел аумағында немесе халықаралық іздеуде бар-жоғын білмекке Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Шымкент қалалық Полиция департаментіне ресми сауал жолдаған. Әзірге ІІМ-ден ғана жауап келді. Министрліктің жауабына қарағанда, Арман Жұмагелдиевті ешкім іздеп жүрген жоқ.

 

Бәлкім, Жұмагелдиев ІІМ-ден емес, басқа органнан жасырынып жүрген шығар? Егер олай болмаса, «елге келсем, әуежайдан ұстап алады» дегенді айтпас еді ғой. Ендеше, басқа да құзырлы органдардан жауап күтеміз.

«Дикийдің» қолдаушысы «Лоту Гулиді» өлтіріп кетті

Қылмыс әлемінде «Лоту Гули» деген атпен танымал әзірбайжандық Надир Салифовті түнде өлтіріп кетті. Оқиға Анталья қаласында болған. Бұл туралы haqqin.az сайты хабарлады. Салифовты «Хан» деген лақап атпен белгілі қылмыс әлемінің тағы бір серкесі атып өлтірген. Кейбір деректерге қарағанда, соңғы кездері «Хан» «Лоту Гулидің» сеніміне кіріп, жанында жүрген. Күдікті қашып кеткенімен, түрік полициясы оны ұстап алыпты. Порталдың жазуынша, Гулиге тапанша тақап тұрып төрт мәрте атқан көрінеді. Гули ауруханада көз жүмған.

Бұрынырақта Арман Жұмагелдиев әлеуметтік желідегі парақшасына «Лоту Гулимен» түскен бірнеше фотосын жариялаған-ды. Бірқатар ақпарат көздері Жұмагелдиевтің қолдаушысы осы Гули екенін айтқан. Тіпті Жұмагелдиев Гулиге көз алартқан «заңдағы ұрылардың» (вор в законе) бірін оңдырмай сабап тастағаны да сөз болды.

Надир Салифовтың өліміне қатысты Арман Жұмагелдиев әзірге ештеңе айтқан жоқ.

Тегтер: