Digital Bridge 2023: Автосақтандыру төлемін ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі 2024 жылы іске қосылады
12-13 қазан Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр.
Астана, NEGE. Форум – бұл тәжірибе, идеялар алмасу және цифрлық технологиялар мен кәсіпкерліктің бірлескен даму қарқынын белгілеу үшін IT әлемінің әр түкпірінен сарапшылар жиналатын алаң. 2023 жылы Форумның басты бағыты «Жасанды және адами интеллект: дұрыс тепе-теңдік (Аrtificial and Human Intelligence: The Right Balance)» деген маңызды тақырыпқа бағытталған.
Форум аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыруда жаңа мобильдік сервис – Еурохаттаманы ұсынды.
Еурохаттама – бұл кішігірім жол-көлік оқиғалары кезінде міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемін ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі. Ол ресми түрде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады.
Сервисті таныстыру шеңберінде Агенттік Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева соңғы бірнеше жылда сақтандыру қызметтерін ауқымды цифрландыру жүргізілгенін атап өтті.
«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Еурохаттама шеңберінде халық сақтандыру жағдайын полиция шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ, залал сомасы 100 АЕК-тен аспаған және үшінші тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне зиян келтірілмеген жағдайда рәсімдей алады» – деді Мария Хаджиева.
Еурохаттама сақтандыру төлемдерінің мерзімін 92 күннен 6 жұмыс күніне дейін айтарлықтай қысқартуға және жол полициясы мен соттарға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Мобильдік қосымшаны пайдаланушылар сақтандыру ұйымына онлайн өтініш бере алады, биометриялық сәйкестендіруден өтіп, цифрлық құжаттарды, фото және бейне материалдарды қоса алады. Сақтандыру ұйымдары жәбірленушінің банктік шотына қоса берілген цифрлық құжаттар негізінде төлемдерді жүзеге асыратын болады.
Басқа сақтандыру ұйымдары да өздерінің цифрлық сервистерін құра алады. Тұтынушы ең ыңғайлы сервисті таңдау мүмкіндігіне ие болады.